КАДР ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫ

    Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарын сақтау – әрбір жұмыс берушінің негізгі міндеттерінің бірі. Әсіресе, кадр қызметінде еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес дұрыс рәсімдеу, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және кадрлық құжаттаманы жүйелі жүргізу маңызды рөл атқарады.
    Кадр қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 23-баптың 2-тармағының 24) тармақшасына сәйкес жұмыскердің дербес деректерін Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жинақтауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асырады.
    Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерлерді жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауыстыру және еңбек шарттарын тоқтату рәсімдерін заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
    Біріншіден, еңбек шарттарын дұрыс рәсімдеу. Жұмыс беруші әрбір қызметкермен еңбек шартын жазбаша түрде жасасуға міндетті. Еңбек шартында қызметкердің лауазымы, атқаратын еңбек функциясы, жұмыс орны, еңбек шартының мерзімі, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбекақы мөлшері және басқа да міндетті талаптар көрсетілуі тиіс. Қызметкерді еңбек шарты жасалғаннан кейін ғана жұмысқа жіберу қажет.
    Екіншіден, жұмысқа қабылдау және жұмыстан босатуды заңды түрде рәсімдеу. Қызметкерді жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде жұмыс берушінің тиісті актісімен рәсімделеді. Сонымен қатар, басқа жұмысқа ауыстыру, еңбек жағдайларын өзгерту және еңбек шартын тоқтату кезінде заңнамада белгіленген тәртіп пен негіздер сақталуы қажет.
    Үшіншіден, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне мәліметтер енгізу. Жұмыс беруші еңбек шарттарын жасасу, өзгерту, толықтыру және тоқтату туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) заңнамада белгіленген мерзімдерде енгізуге міндетті. Мәліметтердің толық әрі дұрыс енгізілуі еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етеді.
    Төртіншіден, еңбек демалыстарын дұрыс рәсімдеу. Кадр қызметі қызметкерлердің жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беру кестесін әзірлеп, демалыстардың уақытылы берілуін бақылауы тиіс. Сондай-ақ әлеуметтік демалыстарды, жалақы сақталмайтын демалыстарды және заңнамада көзделген өзге де демалыс түрлерін тиісті құжаттармен рәсімдеу қажет.
    Бесіншіден, жұмыс уақыты мен тынығу уақытын есепке алу. Қызметкерлердің жұмыс уақытының ұзақтығы, ауысымдық жұмыс тәртібі, үстеме жұмыс, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы керек. Жұмыс беруші әрбір қызметкердің нақты жұмыс істеген уақытын есепке алуға міндетті.
    Алтыншыдан, еңбекақы төлеу талаптарын сақтау. Қызметкерлерге жалақы уақытылы және толық көлемде төленуі тиіс. Жалақы төлеу мерзімі еңбек шартында, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актілерінде белгіленеді және айына кемінде бір рет жүзеге асырылуы қажет.
    Жетіншіден, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын орындау. Кадр қызметі тиісті жауапты тұлғалармен бірлесе отырып, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытудан, нұсқамадан және білімін тексеруден өтуін ұйымдастыруға қатысуы қажет. Қызметкерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуіне ерекше назар аударылуы тиіс.
    Сонымен қатар, кадр қызметі қызметкерлердің жеке істерін, еңбек қызметіне қатысты құжаттарын дұрыс жүргізіп, олардың дербес деректерінің құпиялылығын сақтауы қажет.
    Қорытындылай келе, кадр қызметіндегі еңбек заңнамасының талаптарын сақтау – еңбек қатынастарындағы заңдылықты қамтамасыз етудің, қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың және жұмыс берушінің жауапкершілігін арттырудың маңызды кепілі. Сондықтан әрбір мекемеде кадрлық құжаттаманы дұрыс жүргізіп, еңбек заңнамасындағы өзгерістерді тұрақты бақылап отыру қажет.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті" жаңалықтары