Жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерден жұмыс орнында қалып, еңбек міндеттерін орындауды сұрауы мүмкін. Алайда бұл қызметкердің міндетті түрде келісуі тиіс дегенді білдірмейді.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс уақытынан тыс жұмысқа тарту, жалпы тәртіп бойынша, жұмыскердің жазбаша келісімімен жүзеге асырылады.
Қандай жағдайда бас тартуға болады?
Егер жұмыс беруші жұмыскерді жұмыс уақытынан тыс қалуға шақырса, ал заңда көзделген ерекше жағдайлар болмаса, жұмыскердің қосымша жұмыс істеуден бас тартуға құқығы бар.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 77-бабына сәйкес, жұмыскердің келісімінсіз үстеме жұмысқа тартуға тек заңда көзделген ерекше жағдайларда ғана жол беріледі.
Оларға:
• төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу және салдарын жою;
• тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріндегі ақауларды жою;
• жұмысты тоқтатуға болмайтын жағдайда ауыстыратын жұмыскер келмей қалған кезде оның орнын алмастыру;
• азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде шұғыл медициналық көмек көрсету жатады.
Үстеме жұмыс уақыты шектеле ме?
Иә. ҚР Еңбек кодексінің 78-бабына сәйкес:
• тәулігіне екі сағаттан аспауға тиіс;
• ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауы керек;
• айына 12 сағаттан және жылына 120 сағаттан аспауға тиіс.
Ал 108-бапқа сәйкес, үстеме жұмысқа ақы төлеу кемінде бір жарым еселенген мөлшерде жүргізіледі. Тараптардың келісімі бойынша қосымша демалыс сағаттары да берілуі мүмкін.
Жұмыскер өз құқығын қалай қорғай алады?
Егер жұмыс беруші заңсыз түрде жұмыс уақытынан тыс қалуды талап етсе немесе бас тартқаны үшін қысым көрсетсе, жұмыскер:
• жұмыс берушіден үстеме жұмысқа тартудың заңды негізін түсіндіруді сұрай алады;
• жұмыс уақытының есебін жүргізуді талап ете алады;
• еңбек құқықтары бұзылған жағдайда аумақтық мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады.
Қорытынды: жұмыс уақыты аяқталған соң қызметкердің жеке уақыты басталады. Сондықтан заңда белгіленген ерекше жағдайлардан басқа кезде жұмыскердің үстеме жұмысқа келісім бермеуі – оның заңды құқығы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








