Қарулы күштер әскери қызметшілері мен азаматтық персонал қызметкерлерінің балалары республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында демалып, білім алуда.
Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәттігүл Смағұлованың айтуынша, биылғы 15-ші ауысым 30 қарашаға дейін жалғасады.
Бұл жолы «Балдәурен» орталығының филиалдары 71 оқушыны қабылдады. Алматы облысының Қонаев қаласында – 28 бала, Түркістан облысы Төле би ауданының Нысанбек ауылында – 13 бала, Қарағанды облысының Балқаш және Ақмола облысының Щучинск қалаларында 15 баладан демалып жатыр.
Осы ауысымда демалуға бара жатқан әскери қызметші майор Анаргүл Рүстамованың қызы, 5-сынып оқушысы Раиля Кубанычбек алдан не күтетінін айтты.
– Оқу жылы кезінде осындай мүмкіндікке ие болып, Щучинскінің табиғат аясында демалатыныма өте қуаныштымын. Мұнда түрлі үйірмелер жұмыс істейтінін айтты. Уақытымыз қызықты өтеді деп ойлаймын. Ең бастысы, жаңа достар тауып, өзімді жаңа қырымнан сынап көре аламын, – деді оқушы.
Орталық ансамбльдегі бишілер тобының концертмейстері аға сержант Ботагөз Зауырбекова қызы Жанель Нұрғазының «Балдәурен» лагеріне алғаш рет бара жатқанын атап өтті. Ол әскери қызметшілердің отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетіп, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап отырғаны үшін Қорғаныс министрлігіне алғысын білдірді.
Айта кетсек, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында оқушыларға мәдени-спорттық және танымдық іс-шаралармен қатар, 5–9-сыныптарға арналған оқу бағдарламасы бойынша сабақтар да ұйымдастырылады. Жыл соңына дейін орталықта еліміздің түрлі өңірлерінен келген 1000-нан астам бала демалып, білім алады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









