Қазақстан Қарулы күштерінде күзгі шақырылым бойынша әскерге алынған жас сарбаздарды даярлау жалғасуда. Дайындық әскери істің негіздерін меңгеруге, жауынгерлік дағдыларды қалыптастыруға, психологиялық төзімділікті арттыруға және әскери қызметті қауіпсіз өткеру жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін әскер қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық азаматты шақыру жоспарланған. Оның 12 мыңнан астамы Қарулы күштер қатарын толықтырады.
Шымкент гарнизонындағы 35748 әскери бөліміне 200 жас сарбаз келіп қосылды. Олардың әскери ортаға бейімделуі үшін бөлімшелерде дербес жұмыс ұйымдастырылған. Қолбасшылық әскери қызметшілердің орналасу, тамақтану және тұрмыстық қамтамасыз етілу жағдайларын бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді уақтылы шешу шараларын қабылдауда.
Тараз гарнизонындағы Бауыржан Момышұлы атындағы бригадаға 300-ден астам жас сарбаз келді. Келісімшарт бойынша қызмет ететін тәжірибелі әскери қызметшілер жас жауынгерлерге әскери ортаға бейімделуге және әскери мамандықтарды меңгеруге көмектесуде.
– Жас жауынгер курсынан өту кезеңінде офицерлер мен сержанттар үшін әрбір шақырылушыға жеке көзқарас танытып, психологиялық күйзелісті еңсеруге, әскери ортаға бейімделуге және әскери қызметтің жауапкершілігін сезінуге көмектесу маңызды. Бұл жұмыстың қаншалықты сауатты ұйымдастырылуына жас сарбаздың өз күшіне деген сенімі мен әскери қызметші ретінде қалыптасуы көп жағдайда байланысты, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының теңіз жаяу әскерлері бригадасының 500-ден астам мерзімді әскери қызметшісі «Оймаша» полигонында оқу-жаттығудың практикалық кезеңінен өтті. Бағдарлама кедергілер жолағынан өтуді, Калашников автоматынан (АК-74) алғаш рет атуды, сондай-ақ сауытты техникамен сынақтан өтуді қамтыды.
– Танк орға жақындаған алғашқы сәттерде толқу ерекше болады. Бірақ барынша жинақталып, тапсырманы орындау маңызды. Командирлер мен қаруластарымның қолдауы қобалжуды жеңуге көмектесті. Осындай сынақтан кейін өз күшіңе деген сенім артады, – деді Ақтөбе облысынан әскерге шақырылған гвардия қатарындағы қатардағы жауынгері Әлішер Төлепберген.
Атыс даярлығы бойынша практикалық сабақтар басқа да әскери бөлімдерде жалғасуда. Атырау гарнизонындағы «Қарабатан» оқу-жаттығу полигонында 41433 әскери бөлімінің жас жауынгерлері теориялық білім мен нормативтер бойынша сынақтарды тапсырғаннан кейін Калашников автоматынан (АК-74) ату жаттығуларын орындады.
Жас жауынгер курсын аяқтаған соң әскери қызметшілер Әскери ант беріп, әскери-есептік мамандықтарды одан әрі меңгеруге және бөлімшелер құрамында жауынгерлік міндеттерді орындауға кіріседі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









