Үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету – өмірлік қиын жағдайда жүрген, өзіне-өзі қызмет көрсету қабілеті шектелген және бөгде адамның көмегіне мұқтаж азаматтарға тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды нысандарының бірі.
Аталған қызметтердің негізгі мақсаты – қызмет алушылардың өмір сүру сапасын арттыру, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік бейімделуіне және қоғам өміріне араласуына жағдай жасау, сондай-ақ қажетті әлеуметтік көмекті қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығымен бекітілген стандартқа сәйкес үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер мынадай санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
психоневрологиялық ауытқулары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;
тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;
психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға;
бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
егде жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетін жоғалтқан қарт адамдарға.
Үй жағдайында көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің негізгі түрлері:
Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер – күнделікті тұрмыста көмек көрсету, тамақтануды ұйымдастыруға, жеке гигиенаны сақтауға және тұрмыстық қажеттіліктерді қанағаттандыруға жәрдемдесу.
Әлеуметтік-медициналық қызметтер – денсаулық жағдайын бақылауға, медициналық көмек алуға, дәрігерлердің ұсынымдарын орындауға және оңалту іс-шараларын жүргізуге жәрдемдесу.
Әлеуметтік-психологиялық қызметтер – психологиялық қолдау көрсету, эмоционалдық жағдайын жақсартуға және әлеуметтік ортаға бейімделуге ықпал ету.
Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер – балаларды дамытуға, тәрбиелеуге және оқытуға, сондай-ақ күнделікті өмірге қажетті дағдыларды қалыптастыруға жәрдемдесу.
Әлеуметтік-еңбек қызметтері – еңбек дағдыларын қалыптастыруға, қолжетімді еңбек түрлеріне қатысуға және еңбекке бейімделуге жәрдемдесу.
Әлеуметтік-мәдени қызметтер – бос уақытты ұйымдастыруға, мәдени іс-шараларға қатысуға және әлеуметтік байланыстарды дамытуға ықпал ету.
Әлеуметтік-экономикалық қызметтер – заңнамада көзделген әлеуметтік төлемдер мен материалдық көмек алу мәселелері бойынша консультация беру және жәрдемдесу.
Әлеуметтік-құқықтық қызметтер – қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, құжаттарды рәсімдеуге және құқықтық көмек алуға жәрдемдесу.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер заңнамада белгіленген тәртіппен, қызмет алушылардың жеке қажеттіліктері мен денсаулық жағдайы ескеріле отырып көрсетіледі.
Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету тиісті жергілікті уәкілетті органның шешімі негізінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік қызметкерлер ұйым басшысы бекіткен кестеге сәйкес қызмет алушылардың үйлеріне барып, олардың жеке қажеттіліктеріне қарай қажетті әлеуметтік көмекті көрсетеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









