Алматыда Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

    «ДАЛА ДӘМІ» бірыңғай республикалық бренді аясында Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі 14–15 қараша күндері Алматы қаласында өтеді.

    Алматылықтар табиғи әрі сапалы өнімдерді тікелей ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарынан сатып ала алады. Жәрмеңкеге Глубокое, Катонқарағай, Тарбағатай, Шемонаиха, Алтай және Үлкен Нарын аудандары, Өскемен қаласының өкілдері қатысады.

    Шығысқазақстандық аграршылар жәрмеңкеге 20-дан астам өнім түрін ұсынады. Алматы тұрғындары үшін барлығы 50 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі дайындалды. Атап айтқанда: 6 тонна ет өнімі, 32,6 тонна бал, 4,5 тонна күнбағыс майы, 2,1 тонна сүт өнімі, 2,5 тонна балық өнімі, 3,6 тонна шұжық өнімдері, 0,6 тонна шай мен самырсын жаңғағы жеткізіледі. Өнімдердің жалпы құны 150 миллион теңгеден асады.

    Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жәрмеңкеге қатысушылар үшін бекітілген орналастыру сызбасына сәйкес арнайы безендірілген сауда орындары мен жабдықталған үстелдер қарастырылады. Бұл сауда-саттықты қолайлы ұйымдастырып, сатып алушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

    Сатылымға шығарылатын барлық өнім санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай болады. Сатушылар тауардың шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын қажетті құжаттарды ұсынады.

    Жәрмеңке Алматы тұрғындарын Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы әлеуетімен таныстыруға, жергілікті өндірушілердің өнімдерін кеңінен танытуға және тұтынушыларды қолжетімді бағадағы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Жәрмеңке екі күн бойы сағат 8:00-ден 18:00-ге дейін Шевченко көшесінде, Қонаев пен Пушкин көшелерінің аралығында өтеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары