Ақша аударымдарын жасау арқылы табыс табу немесе банк картасын сыйақы үшін басқа адамға беру қылмыстық схемаға қатысуға әкелуі мүмкін. Абай облысында биыл дропперлікке қатысты 40 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 9 дроппер сотталған.
Дропперлер қылмыстық жолмен алынған ақшаны бір шоттан екінші шотқа аударуға және қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектеседі. Ол үшін өздерінің банк шоттарын, карталарын немесе оларға қолжетімділікті пайдаланады. Мұндай схемаларға адамдарды көбіне қосымша табыс табу желеуімен тартады. Оларға ақша қабылдап, көрсетілген деректемелер бойынша басқа шоттарға аудару және сол үшін белгілі бір пайызын алып қалу ұсынылады.
Абай облысының Полиция департаменті тұрғындарды «оңай табыс» туралы ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Өзге адамға арнап банк картасын ашу, мобильді банкингке қолжетімділікті беру немесе сыйақы үшін бөгде адамдардың ақшасын аудару туралы ұсыныстар түссе, ондай адамдармен байланысты дереу тоқтату қажет.
Банк карталарын, құпия деректерді және SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеңіз. Егер сіз банк шотыңызға қолжетімділікті беріп қойған болсаңыз немесе шотыңыздың заңсыз операцияларға пайдаланылып жатқанын байқасаңыз, дереу банкке хабарласып, полицияға «102» нөмірі арқылы хабар беріңіз.
Уәде етілген сыйақы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Жеке деректеріңізді қорғаңыз және өзіңізді қылмыстық схемалардың құралына айналдыруға жол бермеңіз.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








