АНТАЛЬЯДАҒЫ COP31 САММИТІНДЕ ТҮРКІСТАННЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

    1 / 5
    Түркияның Анталья қаласында БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясы (COP31) шеңберінде дүниежүзі мемлекеттерінің басшылары бас қосып, жаһандық экологиялық басымдықтарды кеңінен талқылауда. COP31 конференциясына БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына (UNFCCC) мүше 196-ға жуық ел мен Еуропалық Одақ өкілдері қатысып жатыр.
    Жалпы алғанда, саммитке тіркелген қатысушылар саны 92 мыңнан асып, бұл жиынды тарихтағы ең ауқымды климаттық конференциялардың біріне айналдырды. Антальяда рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 159 елдің ұлттық павильоны ашылды. Онда мемлекеттер өздерінің озық экологиялық жобалары мен шешімдерін таныстыруда.
    Аталған халықаралық жиынға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов бастаған делегация арнайы барды.
    Конференция аясында Түркістан өңірінің климаттық ахуалы мен экологиялық бастамалары туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндама жасап, өзекті мәселелерді көтерді.
    «Түркістан – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін, бүгінде заманауи өңірлік орталық ретінде қарқынды дамып келе жатқан қала. Біздің басты міндетіміз — оның бірегей мәдени мұрасын сақтай отырып, климаттың өзгеруіне төзімді әрі жайлы қалалық орта қалыптастыру. 2026 жылғы 30 сәуірде бекітілген Түркістанның жаңа Бас жоспары экологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерді ескере отырып, қала инфрақұрылымын дамыту перспективаларын айқындайды. Басым бағыттардың бірі ретінде біз «Жасыл Түркістан» тұжырымдамасын іске асыруды ұсынамыз. Ол жасыл дәліздер мен көлеңкелі жаяу жүргіншілер бағыттарын құруды, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруды және су үнемдейтін суару жүйелерін қолдануды көздейді. Бұл ретте заманауи инфрақұрылым қаланың тарихи келбетімен, ең алдымен Қожа Ахмет Ясауидің бірегей мұрасымен үйлесімді ұштасуы тиіс», – деген Нұрбол Әбдісаттарұлы халықаралық әріптестермен ынтымақтастық орнатуға ашық және ортақ бастамаларды нақты нәтижелерге айналдыруға дайын екендігін жеткізді.
    Бүгінде Түркістан облысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімінің 14%-ын қамтамасыз етеді, ал жылдық өндіріс көлемі 3 миллиард АҚШ долларына жуықтайды. Еліміздегі суармалы жердің төрттен біріне жуығы осы өңірде шоғырланған. Атап айтқанда, мұнда қазақстандық мақтаның 100%-ы, жүзімнің 82%-ы, бақша дақылдарының 75%-ы, жеміс-жидектің 40%-ы, көкөністің 30%-ы және жүгерінің 27%-ы өндіріледі. Сондықтан су үнемдеу өңір үшін тек экологиялық міндет қана емес, азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылықтың басты негізі саналады.
    Айта кетейік, конференцияның 31-ші сессиясы аясында қазақстандық делегация жаңартылатын энергияны дамыту және газ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жалпы құны шамамен $1,2 млрд-ты құрайтын бірқатар келісімге қол қойды. Құжаттар Түркістан облысында қуаты 150 МВт және Қостанай облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансаларын салуды, сондай-ақ деректерді қашықтықтан беретін 1,35 млн интеллектуалды газ есептегіштерін орнату бойынша Aqyl Energy жобасын жүзеге асыруды көздейді. Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі құжаттарға қол қойылды.
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары