ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 146 ӨНДІРІСТІК ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, 3 300-ГЕ ЖУЫҚ ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

    1 / 10

    Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен өңірде шағын өндірістік парктерді құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде облыстағы барлық аудан мен қалада жалпы саны 29 шағын өндірістік парктің құрылысы жүріп жатыр. Олардың аумағы 264,2 гектардан асады. Жоба аясында 275 өндірістік ғимарат салу жоспарланған. Аталған өндірістік алаңдарда 269 жобаны іске қосып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

    Қазіргі таңда 178 ғимараттың құрылысы аяқталып, қалған 97 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар 163 млрд теңгеге 146 жоба іске қосылып, нәтижесінде 3 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.

    Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен штаб отырысында айтылды. Жиында шағын өндірістік парктердің құрылыс барысы, жобаларды орналастыру және өндіріс орындарын іске қосу мәселелері талқыланды.

    Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмысты жандандырып, құрылысы аяқталған ғимараттарға өндірістік жобаларды орналастыруды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ атқарылған жұмыстар мен жоспарланған міндеттердің орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

    – Шағын өндірістік парктерді құрудағы басты мақсат – өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды созбалаңға салмай, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Құрылысы аяқталған ғимараттар бос тұрмауы тиіс. Әр аудан мен қала жобаларды орналастыру жұмыстарын жеделдетіп, инвесторлармен және кәсіпкерлермен жұмысты күшейтуі қажет. Әрбір басталған жобаның уақытылы іске қосылуы бақылауда болады, – деді Қанат Қайыпбек.

    Жиын барысында аудан және қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

    Шағын өндірістік парктерде құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі, тұрмыстық техника, сондай-ақ дрондар мен бейнекамералар өндірісі секілді басым бағыттар қамтылған.

    Қазірдің өзінде бұл аймақтарда сүт өнімдерін қайта өңдеу, металл қоршаулар мен темір бұйымдарын жасау, дәнекерлеу, құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау, қара май және құрама жем өндіру цехтары іске қосылған. Сонымен қатар бірреттік гигиеналық қағаз өнімдерін, пластикалық есік-терезелер мен полиэтилен өнімдерін, алюминий бұйымдарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сублимациялық әдіспен кептіру жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, мал бордақылау алаңдары, жүк көліктеріне қызмет көрсету орталықтары және өзге де өндіріс орындары іске қосылған.

    Бүгінде шағын өндірістік парктер құрудың екінші кезеңін іске асыру жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңірде жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге негіз болады.

    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысының әкімдігі" жаңалықтары