Никосия, 2026 жылғы 12 қараша– Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы Елшісі Николай Жұмақанов қаржылық технологиялар, жасанды интеллект және цифрлық инновацияларды дамыту мәселелеріне арналған Cyprus Fintech Summit 2026 халықаралық саммитінің ресми ашылу рәсіміне қатысты.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, қаржы институттарының, халықаралық компаниялар мен технологиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Құттықтау сөзінде қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін таныстырды. Аталған Жолдау экономиканы ауқымды жаңғыртуға, инфрақұрылымды дамытуға, шетелдік инвестицияларды тартуға және елдің технологиялық дамуын жеделдетуге бағытталған.
Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бастамасына ерекше назар аударылды. Бұл бастама ел аумағында ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды көздейді және халықаралық инвестициялық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Елші, сондай-ақ, Digital Qazaqstan стратегиясын іске асырудың, деректерді өңдеу орталықтарын салуды қоса алғанда, цифрлық инфрақұрылымды дамытудың, жасанды интеллект пен инновациялық қаржылық технологияларды кеңінен енгізудің басымдығын атап өтті.
Сөзінің соңында Н. Жұмақанов Қазақстанның Кипр серіктестерімен цифрландыру, қаржылық технологиялар және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.
Қазақстанның саммитке қатысуы Мемлекет басшысының бастамаларын және еліміздің инвестициялық әлеуетін халықаралық іскерлік қоғамдастық арасында ілгерілетуге ықпал етті.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.




