Күннің суытуына байланысты тұрмыстық өрттердің шығу қаупі артады. Өрттің негізгі себептері – пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, отпен абайсыз жұмыс істеу және электр жабдықтарының ақауы. Осыған байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын еске салады.
Құтқарушылар мұржаларды үнемі тазалап, пештердің жарамдылығын тексеруге, олардың шамадан тыс қызуына жол бермеуге және қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Электр құралдарын пайдаланған кезде желіге шамадан тыс жүктеме түсірмеу, ақаулы розеткалар мен қолдан жасалған жылытқыштарды пайдаланбау маңызды. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, оларды жұмыс істеп тұрған жылыту құралдарының жанында жалғыз қалдырмау қажет.
Мамандар түсі мен иісі жоқ улы газды анықтау үшін арнайы датчиктер орнатуға да кеңес береді. Жылыту маусымы басталғалы бері профилактикалық іс-шаралар 27 мыңнан астам үй мен ауланы қамтыды. Облыстың 70 мың тұрғынына түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға да ерекше көңіл бөлінеді. Биылғы жылыту маусымында есепке алынған 2 758 үйдің барлығы улы газ датчиктерімен жабдықталған. Соңғы бес жылда өңірде осындай 17 мыңнан астам құрылғы орнатылды. Датчиктердің уақытылы іске қосылуының арқасында 42 адам, оның ішінде 34 бала құтқарылды.
Сонымен қатар жылыту маусымы басталғалы, яғни 2026 жылғы 1 қазаннан бері ШҚО-ның тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелген. Оның 24-і пешті пайдалану талаптарын бұзудан, 19-ы отпен абайсыз жұмыс істеуден, тағы 15-і электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезіндегі талаптарды сақтамаудан болған. Өрт санының ең көп өсуі Өскемен қаласында, Зайсан, Шемонаиха және Глубокое аудандарында байқалды.
Құтқарушылар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Өрт шыққан немесе төтенше жағдай белгілері байқалған кезде дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









