Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау тек полицияның міндеті емес. Бұл іске бейжай қарамайтын әрбір азамат өз үлесін қоса алады. Алматыда полицияның қоғамдық көмекшілері құқық бұзушылықтың алдын алуға, тәртіп сақшыларына қолдау көрсетуге және бірлескен рейдтік іс-шараларға белсенді қатысып келеді.
Олардың жұмысы бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, қауіпті әрі проблемалық аумақтарды анықтау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға атсалысу.
Бірлескен жұмыстың нәтижесі де бар. Жыл басынан бері қоғамдық көмекшілердің жәрдемімен 12 қылмыс ашылып, 3 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әсіресе, «Қоғам» қоғамдық жасағының жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Жасақ мүшелерінің көмегімен бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен 195 адамның жүрген жері анықталып, олар табылды.
Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев қоғамдық тәртіпті сақтауға тұрғындардың қатысуы маңызды екенін атап өтті.
«Қоғамдық көмекшілер – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сенімді серіктестеріміз. Олардың белсенді азаматтық ұстанымы, айналасына бейжай қарамауы және көмекке дайын болуы туындаған мәселелерге дер кезінде назар аударуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және полиция мен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Біздің ортақ міндетіміз – әр адам айналасындағы тәртіпке жауапкершілікпен қарайтын қауіпсіз орта қалыптастыру», – деді Тимур Ноғайбаев.
Полиция мен қоғамдық көмекшілердің бірлескен рейдтері де осы жұмыстың бір бөлігі. Рейд барысында олар тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, проблемалық аумақтарды назарға алады және заң талаптарын түсіндіреді
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









