Жетісу облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мектеп оқушыларына цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтың алдын алу тақырыбында профилактикалық сабақ өткізді.
Кездесу барысында полицейлер ұялы телефондар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтықтың заманауи тәсілдері туралы айтып берді. Атап айтқанда, алаяқтық қоңыраулар, күмәнді сілтемелер, жалған ұтыстар туралы хабарламалар, сондай-ақ азаматтардың жеке деректері мен банктік қосымшаларына қол жеткізу әрекеттері түсіндірілді.
Оқушыларға алаяқтарды қалай анықтауға болатыны, SMS-кодтарды, құпиясөздер мен банк деректемелерін бөгде адамдарға берудің қауіптілігі, сондай-ақ күмәнді қоңыраулар мен хабарламалар алған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігі түсіндірілді.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткізіліп, кәмелетке толмағандардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Жетісу облысының Полиция департаменті ата-аналарды балаларымен интернет қауіпсіздігі туралы тұрақты түрде әңгімелесуге шақырады.
Полиция ескертеді: сақтық пен цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау – интернет-алаяқтардан қорғанудың тиімді жолы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







