Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығы Рашид Блялов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте жылыту маусымының басталуымен тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі мәселелерінің өзектілігі арта түскенін атап өтті.
Жылыту кезеңі басталғалы бері тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелді. Өрттің негізгі себептері – азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға немқұрайлы қарауы. Атап айтқанда, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан 24 өрт, отпен абайсыз жұмыс істеу салдарынан 19 өрт, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану талаптарын бұзу салдарынан 15 өрт орын алған. Қалған 7 өрт өзге себептерден туындаған.
Өрт оқиғаларының ең көп саны Өскемен қаласында, Зайсан, Шемонаиха және Глубокое аудандарында тіркелген.
ШҚО ТЖД жергілікті атқарушы органдармен, полициямен, волонтерлермен және басқа да мүдделі қызметтермен бірлесіп, өрттің алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Профилактикалық іс-шаралар аясында 27 мыңнан астам тұрғын үй мен аула қамтылып, 70 мың адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Ағымдағы жылыту кезеңінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын пешпен жылытылатын 2758 тұрғын үй есепке алынды. Аталған үйлердің барлығы 100 пайыз көміртегі тотығы датчиктерімен жабдықталған. Соңғы 5 жылда нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Осы кезеңде орнатылған 17 мыңнан астам датчик, оның ішінде ағымдағы жылы орнатылған 941 құрылғы 42 адамның, оның ішінде 34 баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді», – деп хабарлады ШҚО ТЖД бастығы.
ШҚО ТЖД қызметкерлері өңір тұрғындарын өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
Пешпен жылыту жүйесін пайдалану кезінде мұржаларды уақтылы тазалап, пештердің жарамдылығын тексеру, олардың шамадан тыс қызып кетуіне жол бермеу және жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмау қажет.
Электр жабдықтарын пайдалану кезінде электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, ақаулы розеткаларды, ұзартқыштарды және қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдаланбау керек. Әсіресе жылыту құрылғылары жұмыс істеп тұрған үйлерде балаларды қараусыз қалдырмау маңызды. Естеріңізде болсын: иіс газы түссіз және иіссіз болады, ал оның әсері қысқа уақыт ішінде ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Өрт белгілері анықталған немесе төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарлау қажет.
Облыстың әрбір тұрғынын өрт қауіпсіздігі мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Біздің міндетіміз – профилактикалық іс-шаралармен кеңінен қамту ғана емес, сонымен қатар өрт санын, адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын нақты азайту.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









