Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы.
Ағымдағы жылғы 9 ақпанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Бұл келісім бір мемлекетте тұрақты тұрып, екінші мемлекеттің аумағында еңбек өтілі бар Қазақстан мен Моңғолия азаматтарының зейнетақы құқықтарын қорғауға бағытталған.
Келісімнің негізгі мәні неде?
Бұл Қазақстан немесе Моңғолия аумағында жинақталған еңбек (сақтандыру) өтілімен, азаматтардың тұрақты тұратын мемлекетінде зейнетақы тағайындауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде екінші мемлекеттің аумағында 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған, уақыт бойынша сәйкес келмейтін және құзыретті органдар растаған еңбек (сақтандыру) өтілі жиынтық түрде есепке алынады.
Мысалы, Моңғолия азаматы бұрын Қазақстанда жұмыс істеп, қазіргі уақытта Моңғолияда тұрақты тұратын болса немесе Қазақстан азаматы Моңғолияда еңбек өтіліне ие болып, Қазақстанда тұратын болса, аталған еңбек өтілі келісімнің талаптарына сәйкес зейнетақы тағайындау кезінде ескерілуі мүмкін.
Зейнетақы тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасына сәйкес тағайындалып, төленеді.
Келісімде Қазақстаннан Моңғолияға тұрақты тұруға кеткен жағдайда алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын Моңғолиядағы шотына аудару мүмкіндігі қарастырылған.
Келісімді іске асыру мақсатында екі мемлекеттің уәкілетті органдары өзара іс-қимыл жасап, қажетті құжаттар мен мәліметтер алмасады, сондай-ақ еңбек және сақтандыру өтілін растауды жүзеге асырады. Тиісті сұрау салуларға жауаптар 30 жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс.
Келісімнің басты мақсаты – азаматтардың қай мемлекеттің аумағында еңбек еткеніне қарамастан, олардың зейнетақы құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









