Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларын дамыту перспективалары, сондай-ақ тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер талқыланды.
Өңір басшысы бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған басты міндет – жоспарланған жұмыстарды орындаумен шектелмей, нақты нәтижелерге қол жеткізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестициялар тарту және елді мекендердің тұрақты дамуына жағдай жасау екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға басымдық беріп, елдегі ауқымды өзгерістер нақты істермен және халықтың әл-ауқатын арттырумен ұштасуы керектігін жеткізді.
Кездесуде инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды.
Биыл Шортанды кентіндегі қазандықтар жаңғыртылды. Үш жаңа қазандық орнатылып, бір резервтік қазандық сатып алынды. Нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейі 50 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеп, қазандықтардың қуаттылығы сағатына 22,8-ден 24,5 Гкал-ға дейін артты.
«Жылумен жабдықтау жүйесін дамыту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы Дамса ауылында 3,2 шақырым жылу желісі тартылып, блокты-модульдік қазандық орнатылды. Енді осындай жобалар Шортанды және Жолымбет кенттерінде жүзеге асырылады. Жұмыстарды 2027–2028 жылдары кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланған. Нәтижесінде 93 көппәтерлі тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады», – деді Марат Ахметжанов.
Тағы бір ауқымды инфрақұрылымдық жоба – «Есіл – Астана» газ құбырын салу. Жобаны іске асыру нәтижесінде Шортанды ауданының 29 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету көзделген. Бұл елді мекендерде 25,6 мыңға жуық адам тұрады. Сонымен қатар орталықтандырылған газ жүйесіне әлеуметтік саланың 25 нысанын, қолданыстағы алты қазандықты және 37 өндірістік нысанды қосу жоспарланып отыр. Газдандыру тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің дамуына да жаңа серпін береді.
Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да жалғасуда. Ағымдағы жылы ауданның үш елді мекенінде жалпы көлемі 2,5 мың шаршы метр жолға шұңқырлы жөндеу жүргізілді.
Жол желісінің қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлар туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков баяндады. Оның айтуынша, аудан аумағынан өтетін республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйі жалпы алғанда қанағаттанарлық.
«Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің тапсырмасы және жергілікті тұрғындардың өтініштері ескеріле отырып, Шортанды – Пригородное облыстық маңызы бар автомобиль жолының шамамен 60 шақырымдық учаскесіне жөндеу жүргізілді. Бүгінде жолдың жағдайы жақсы. Биыл Петровка – Қара-Адыр автожолында инертті материалдар төселіп, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында су өткізгіш құбырлар орнатылды. Бұл учаскені нығайту жұмыстары 2027 жылы да жалғасады. Сонымен қатар ұзындығы 50 шақырым болатын Жолымбет – Шортанды автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. Оң қорытынды алынған жағдайда жөндеу жұмыстары 2028–2029 жылдары басталады», – деді Владимир Кулаков.
Сондай-ақ аудан әкімдігі аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін күтіп ұстау және жөндеу үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен қаражат бөліп келеді. Бұл жұмыстар жол инфрақұрылымының жағдайын біртіндеп жақсартып, ауылдық елді мекендердің көлік қатынасын қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл Дамса, Жолымбет, Научный, Раевка, Төңкеріс, Ключи ауылдарында және Шортанды кентінде орналасқан жеті білім беру нысаны жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа 91 млн теңге бағытталды.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға «Қазақстан халқына» қоры да елеулі үлес қосып келеді. Соңғы үш жылда осы мақсаттарға 250 млн теңге бөлінді. Қордың қолдауымен Ключи, Новоселовка, Мыңкөл ауылдарының мектептерінде және Шортанды кентіндегі №3 мектепте физика, химия және биология пәндерін оқытуға арналған заманауи әмбебап кабинеттер жабдықталды.
Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараттың қасбеті, шатыры, ішкі бөлмелері мен шаруашылық құрылыстары жаңартылды.
Сонымен қатар өткен жылы Пригородное ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Медициналық нысан үш елді мекеннің 1,5 мыңға жуық тұрғынына медициналық көмек алуға мүмкіндік беріп отыр.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында да нақты нәтижелер бар. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бүгінде 26 отбасы жаңа баспанаға ие болды, тағы сегіз отбасы қоныс тойын тойлауда. Кездесу барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңа пәтер иелеріне баспана кілттерін табыстады.
Шортанды ауданының аграрлық әлеуеті жоғары. Соңғы жылдардағы маңызды нәтижелердің бірі – өсімдік шаруашылығын әртараптандыру және жоғары рентабельді дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту.
Соңғы үш жылда ауданда майлы дақылдардың егіс көлемі шамамен жеті есеге артты. Биылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша шаруалар гектарына 9,5 центнер өнімділікпен 51 мың тонна майлы дақыл тұқымын жинады. Дәнді және бұршақ дақылдарының жалпы түсімі шамамен 206 мың тоннаны құрады. Жиналған бидайдың 85 пайызына жуығы үшінші сыныпқа сәйкес келеді, ал өнімнің басым бөлігі жоғары ақуызды Hi-Pro санатына жатады.
Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылықтар қатарында өңір басшысы «Басколь 2012», «СХП Октябрьское» және «Петровское» кәсіпорындарын атап өтті.
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына мемлекеттік қолдау да елеулі ықпал етуде. Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және лизингтік қаржыландыру түрінде 13,9 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар облыс әкімі аграрлық саланың одан әрі дамуы егіс алқаптарын әртараптандыруды жалғастыруға, заманауи агротехнологияларды енгізуге және бөлінген мемлекеттік қолдау қаражатын тиімді пайдалануға байланысты екенін атап өтті.
Мал шаруашылығын дамытуға да ерекше мән берілді. Өңірде асыл тұқымды мал өсіретін репродукторлық шаруашылықтарды, жалпы қуаттылығы 150 мың бас ірі қара малға арналған ірі бордақылау алаңдарын және заманауи ет өңдеу кешенін қамтитын бірыңғай ет кластері қалыптастырылуда.
Бұл бағыт Шортанды ауданы үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазірдің өзінде ауданда мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, Ошақ ауылында «Агробиф» шаруашылығы 300 млн теңге инвестиция салу арқылы ет-сүт кешенін дамытып жатыр. Кешен 600 бас мал ұстауға есептелген.
Ал Баскөл ауылында «Басколь 2012» шаруашылығы 200 басқа арналған жылқы бордақылау алаңын дамытуда. Жобаға салынған инвестиция көлемі 25 млн теңгені құрайды.
Марат Ахметжанов жергілікті шаруашылықтарды ет кластерін дамытуға белсенді қатысуға және «Игілік», «Береке» жеңілдетілген бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Оның айтуынша, ауданда мал шаруашылығын өркендетуге қажетті ресурстар жеткілікті. Ендігі міндет – осы әлеуетті жаңа өндірістерді кеңейтуге, мал басын көбейтуге және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағыттау.
Ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіпті дамыту да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бүгінде Шортанды ауданы облыстың жалпы өнеркәсіп өндірісінің 6,6 пайызын қамтамасыз етеді. Өнеркәсіп саласында 65 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында Жолымбеттегі алтын өндірумен айналысатын екі ірі кәсіпорын бар.
Сонымен бірге өңір басшысы экономиканы әртараптандыру, жаңа даму бағыттарын қалыптастыру және инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыда құрылыс материалдарын өндіру саласы перспективалы бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Ауданда «НС Алуа» және «Бозайгыр» компаниялары кірпіш зауыттарын салу бойынша екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 9 млрд теңгені, ал жылдық өндірістік қуаты 180 млн дана кірпішті құрайды. Кәсіпорындардың іске қосылуы нәтижесінде 120 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өндіріс орындарын 2027 жылдың бірінші және екінші тоқсандарында пайдалануға беру көзделіп отыр.
«Бүгінде әкімдердің міндеті тек бюджетті бөлумен шектелмеуі керек. Керісінше, өңірдің кіріс базасын ұлғайту бағытында жұмыс істеу қажет. Инвесторларды өз бетінше іздеп, экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастырып, жергілікті жерлерде өндіріс орындарының ашылуына қол жеткізу маңызды. Әрбір жүзеге асырылып жатқан жоба өңір мен оның тұрғындарына нақты пайда әкелуі тиіс», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Кездесу қорытындысында өңір басшысы Шортанды ауданының алдағы дамуы инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі шешуге, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлерді қолдауға, сондай-ақ жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашуға бағытталуы керектігін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстың басты өлшемі – тұрғындардың өміріндегі нақты оң өзгерістер, қажетті қызметтердің қолжетімділігі, жайлы өмір сүру жағдайлары және әрбір елді мекеннің дамуына жол ашатын жаңа мүмкіндіктер болуы тиіс.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









