АППАРАТТЫҚ ЖИЫНДА АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    1 / 5

    АППАРАТТЫҚ ЖИЫНДА АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДІҢ ЖҰМЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

    Маңғыстау ауданының әкімі Ерғали Скендировтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында Тұщықұдық, Шебір және Қызан ауылдық округтерінің 2026 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары қаралды.

    Жиында ауылдық округ әкімдері есепті кезеңде жүзеге асқан жұмыстар жайында баяндады. Есептерге сәйкес, ауылдарда бірқатар маңызды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Тұщықұдықта ауызсу жүйесінің құрылысы аяқталып, жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойын және воркаут алаңдары салынды. Ауыл орталығын көркейту бағытында тұрғындар мен түлектердің демеушілігімен де игі бастамалар жүзеге асты.

    Шебір ауылында көгалдандыру, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа сәндік арка орнатылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Сонымен қатар мектептің материалдық жағдайын жақсарту, спорт және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытында жұмыстар атқарылды.

    Қызан ауылында мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, спорт және балалар ойын алаңдары, рәміздер алаңы пайдалануға берілді. Beeline ұялы байланыс желісінің базалық станциясы жаңғыртылып, интернет жылдамдығы арттырылды.

    Сонымен бірге жиында әр ауылдағы шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, ауылішілік жолдарды асфальттау, ауызсу желілерін кеңейту, электр инфрақұрылымын жаңарту, медициналық нысандарды жөндеу, спорт кешендерін қалыпқа келтіру және тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.

    Аудан әкімі атқарылған жұмыстарды саралай келе, ауыл әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар көтерген мәселелерді назарда ұстау, басталған жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар