Жобалар конкурстың алдында ЖИ сараптамасынан өтеді: Атырау облысында жаңа жүйені енгізу жайы талқыланды

    1 / 7

    Атырау облысы әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы конкурсқа жібермес бұрын ЖИ арқылы сараптамадан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл құжаттағы қателерді, жоғары бағаланғанын, құрылыс кезінде болуы мүмкін қауіпті алдын ала анықтауға көмектеседі. Осы мәселе төңірегіндегі сауалдар облыс әкімі Болат Ақшолақовтың қазақстандық Armeta компаниясының өкілдерімен кездесуінде талқыланды. Мұндай құралдарды қолданысқа енгізу — өңірде Smart City жүйесін құрудағы жұмыстардың бір бөлігі.

    Armeta мемлекеттік сараптамаға арналған жасанды интеллект жүйесін жасақтайды. Компания өкілдерінің сөзінше, онда түскен әрбір жоба автоматты түрде жүзге жуық тексеруден өтеді. Өңдеуге бар-жоғы 6-ақ минут жеткілікті. Жүйе құжаттарды өзі сұрыптап, мердігерлердің лицензиясы мен сметалық есептің дұрыс-бұрыстығын тексереді. Егер сәйкеспейтін жері болса, сарапшыға бірден көрінеді. Деректер Қазақстан ішінде суперкомпьютерде өңделеді.

    Болат Ақшолақов бұл жүйеге Атырау облысында қандай міндет жүктелетінін атап айтты.

    — Қазір мынадай жағдай көп кездеседі: конкурсты өткізеді, жеңімпазды анықтайды, құрылысқа кіріседі де, әбден жұмыс басталған кезде мәселелер шыға бастайды. Сөйтіп құрылыс тұралап қалады. Біз осының жолын бөгегіміз келеді. Жоба конкурсқа жіберілмес бұрын електен өтуі тиіс, — деді әкім.

    Аймақ басшысының сөзінше, жүйе құжаттардың сәйкестігін ғана емес, нақты бір ғимаратқа конструкциялар мен материалдардың қаншалықты дұрыс таңдалғанын, Атырау жерінің ерекшелігі қаншалықты ескерілгенін де сараптауы тиіс. Сметаларды өңір логистикасын ескере отырып, нарықтағы бағамен салыстырып тексеру ұсынылды, ал мердігерлер сатып алу құнын ашық растауы қажет. Тағы бір бағыт — жобалардың тексерісін цифрлық кадастрмен байланыстыру. Бұл құрылысты бастамас бұрын жерасты коммуникацияларын, қорғалатын аумақтарды және жер телімдерінің қиылысатын тұстарын көріп отыру үшін керек. Armeta өкілдерінің айтуынша, жүйеде сметадағы импорт материалдардың қазақстандық баламасын көретін мүмкіндік те бар.

    Бұдан бөлек, құрылыс алаңдарында бейнебақылау жүйесін және ұшқышсыз аппараттарды қолдану, болашақта бұл инструменттерді өңірдің цифрлық картасы мен геоақпараттық жүйесімен біріктіру мүмкіндіктері де талқыланды. Бұл жоба шешімдерін нысандардың нақты жай-күйімен салыстырып, кемшіліктердің алдын алуға жол ашады.

    Әкім жаңа жүйе көмегімен келесі жылға жоспарланған дайын жобаларды сараптап көруді ұсынды. Armeta алдымен Мемсараптаманың оң қорытындысын алған, бірақ құрылысы әлі басталмаған жобаларды тексеріп көрмек. Бұл жасанды интеллект жұмысының дәлдігін нақты нысанда сараптауға мүмкіндік береді.

    Компания жүйені облыс жүктеген міндеттерге сәйкестіндіріп бейімдейді де, оны енгізу кезеңдері бойынша ұсыныс береді. Бұл жұмыспен бірге жаңа жүйеде, сондай-ақ Атырауда құрылып жатқан ІТ-хаб базасында жұмыс істейтін жергілікті мамандарды даярлау қатар жүрмек.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының әкімдігі" жаңалықтары