Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық жоба жоспарланып отыр. Тіпті, кейбірі пайдалануға беріліп, халық игілігін көріп жатыр. Жаңа нысандар жолаушылар мен жүк көлігі жүргізушілеріне қызмет көрсету сапасын арттырмақ.
Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың сөзінше, Қарабұтақ ауылының республикалық маңызы бар автожол бойында орналасуы кәсіпкерлік пен жол бойы сервисін дамытуға қолайлы.
Жоспарланған жобалардың қатарында 600 млн теңгеге кемпинг салу, 600 млн теңгеге газ толтыру станциясын іске асыру, «Әділ» кемпингі жанынан 100 адамға арналған монша мен дөңгелек жөндеу нысанын салу бар. Соңғы жобаның инвестициялық көлемі – 200 млн теңге.
Сонымен қатар «SINOOIL 36» және «COMPASS» жанармай құю станцияларын салуға әрқайсысына 1 млрд теңгеден инвестиция тарту көзделген. Бұдан бөлек, құны 1,8 млрд теңгені құрайтын «Keruen Inn» қонақүйінің құрылысы жоспарланған.
Аталған жобалар іске асқан жағдайда Қарабұтақ ауылында жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның транзиттік және туристік әлеуетін дамытуға серпін береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









