Ерлан Омарбеков: Полиция — мүмкіндіктер алаңы

    1 / 13

    Ерлан Омарбеков: Полиция — мүмкіндіктер алаңы

    Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ішкі істер органдарындағы қызмет» атты мансап күні өтті. Оған полиция өкілдері мен кәсіби дамуға және мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан студенттер қатысты.

    ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков оқу орнының бітіруші курс студенттерімен кездесіп, ішкі істер органдарындағы қызмет мүмкіндіктері, сұранысқа ие мамандықтар және Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі кәсіби өсу перспективалары туралы айтып берді.

    Кездесуді ашқан департамент басшысы университетпен көп жылдан бері жалғасып келе жатқан ынтымақтастықты және оқу орнының ішкі істер органдары үшін кадр даярлауға қосып отырған үлесін атап өтті. Бүгінде университеттің 150-ден астам түлегі ШҚО Полиция департаментінде және оның аумақтық бөлімшелерінде қызмет атқарады. Олардың көпшілігі жауапты лауазымдарды атқарып, өз кәсібінде табысты еңбек етіп жүр.

    «Қазіргі полиция — тек қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстарды ашумен ғана айналысатын құрылым емес. Бұл — заңгерлер, IT-мамандар, сарапшылар, экономистер, психологтар және басқа да бағыттағы мамандар қажет үлкен жүйе. Мұнда әркім өз орнын тауып, білімін қолданып, кәсіби мансабын қалыптастыра алады. Біз білімді, бастамашыл әрі білікті жас мамандарға мүдделіміз», — деп атап өтті Ерлан Омарбеков.

    Студенттерге полиция қызметінің негізгі бағыттары таныстырылып, қызметке қабылдану тәртібі, кәсіби талаптар мен әлеуметтік кепілдіктер түсіндірілді.

    Кездесудің практикалық бөлігі «Мамандық қыр-сыры» көрмесімен жалғасты. Болашақ түлектер полиция қызметкерлері қолданатын арнайы қару-жарақпен, жабдықтармен, техникалық құралдармен және құрылғылармен танысты. Салалық бөлімшелердің өкілдері қызмет ерекшеліктері туралы айтып, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Кездесудің мазмұнын Полиция департаментінің шығармашылық ұжымының өнер көрсетуі толықтырды.

    Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі — ШҚО Полиция департаменті мен Сәрсен Аманжолов атындағы университет арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Тараптар кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытуға, жас мамандарды даярлау мен жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ білім беру және кәсіби салалардағы байланысты кеңейтуге уағдаласты.

    Мансап күні студенттерге ішкі істер органдарындағы қызметті сырттай ғана емес, полиция қызметкерлерімен тікелей тілдесу арқылы жақынырақ тануға мүмкіндік берді.

    Полиция — түрлі мамандықтарды біріктіретін, кәсіби тұрғыдан дамуға және қоғамға қызмет етуге жол ашатын үлкен сала. Мұнда білім, жауапкершілік, бастамашылдық және азаматтардың қауіпсіздігі үшін еңбек етуге дайындық маңызды.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары