2026 жылғы 9 қарашада Петропавл қаласының прокуратурасы психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық іс бойынша үлгілік сот процесін ұйымдастырды. Іс-шараға Петропавл қаласының 35 мектебі онлайн форматта қосылып, 900-ден астам жоғары сынып оқушысы қамтылды.
Сот процесі барысында оқушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігінде және 297-бабының 3-бөлігінің 1, 3-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін Петропавл қалалық соты кінәлі деп таныған Н. азаматына қатысты қылмыстық істің мән-жайларымен танысты. Сотталған азаматтың қала аумағында психотроптық заттарды жасырын орындарға орналастыру («закладка») арқылы заңсыз таратқаны анықталған.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар жазасын өтеу орны бойынша мәжбүрлеп емдеу белгіленді.
Мұндай іс-шараларды өткізу жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқыққа қайшы әрекеттердің салдарын түсінуге және өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Есте сақтаңыз: есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады және адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









