БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
⚜️ 2026 жылдың 21 қазан күні білім беру бөлімінің үйымдастыруымен Қ. Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің базасында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, девиантты мінез-құлықтың алдын алу және балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында аудандық форум өтті.
⚜️ Маңызды басқосуға С.Тоқмамбетов -аудан әкімінің орынбасары, А.Умбеталиев – Батыс Қазақстан облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы, Л.Есенова – Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының басшысы, А.Ескендірова – Сырым ауданы прокуратурасының аға прокуроры, Б.Сыдыков - Сырым аудандық полиция бөлімінің қызмет жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі, барлық ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер, педагог-психологтер және ата-аналар комитеттерінің өкілдері қатысты.
⚜️ Форум жұмысына білім беру бөлімінің басшысы Ә.Жамбылов төрағалық етті. Ұйымдастырылған форумның басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің психологиялық саулығын қолдау, сондай-ақ отбасы, мектеп, қоғам және құзырлы органдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.
⚜️Форум жұмысы Сырым аудандық мәдени демалыс орталығы жанындағы «Жымпиты халықтық театрының» «Шекаралық сағат» қойылымымен ашылды. Театрландырылған қойылым қатысушыларға ой салып, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараудың маңызын айқындады.
⚜️ Форумды аудан әкімінің орынбасары С. Тоқмамбетов ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алуда бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
⚜️ Форумның күн тәртібінде төмендегі мәселелер бойынша баяндамалар тыңдалды:
↘️ «Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің кәсіби этика шекаралары» - Л. Есенова, Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығының басшысы.
↘️«Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың құқықтарын қорғау» - А. Ескендирова, Сырым ауданы прокуратурасының аға прокуроры.
↘️«Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» - Е. Максотов, Сырым аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты.
↘️«Өмірді сақтап қалу – бір адамның емес, қоғамның жауапкершілігі» - А. Кузаирова, Сырым аудандық ауруханасының психологі.
↘️«Тұрғын секторындағы өрт қауіпсіздігі, қыс мезгіліндегі қауіпсіздік ережелері» - А. Қыдырсихов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері.
⚜️ Форум барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен девиантты мінез-құлықтың алдын алу, балалардың құқықтарын қорғау, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар балалардың қауіпсіз ортасын қалыптастыруда ата-аналардың, педагогтердің және тиісті сала мамандарының өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі атап өтілді.
⚜️ Бала қауіпсіздігі – тек отбасының немесе білім беру ұйымының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр баланың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім мен саналы тәрбие алуына, психологиялық қолдауға ие болып, өз қабілетін дамытуына жағдай жасау – баршамызға жүктелген маңызды міндет.
⚜️ Заң мен тәртіп қағидасы аясында жас ұрпақтың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстарды бірлесе жалғастыру – жарқын болашаққа бастайтын ортақ жол.
⚜️ Баланың өмірі мен қауіпсіздігі – басты құндылық. Оны қорғау – баршамыздың азаматтық борышымыз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.






