Қақпаның ар жағында — жаңа өмір: 11 сотталғанға «Қақпа алдындағы кездесу» жобасы аясында қолдау көрсетілді

    Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №7 мекемесінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтардың қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесуге бағытталған «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында іс-шара өткізілді.

    Іс-шараның ерекше сәті — бостандыққа шыққандарды туған-туыстары мен жақындарының күтіп алуы болды. Мекеме қақпасының алдында оларды ата-аналары, жұбайлары мен балалары қарсы алды. Көпшілік үшін бұл қуаныш пен толқынысқа толы, отбасымен қайта қауышқан ерекше сәт болды.

    Кездесуге Зеренді ауданының мемлекеттік органдарының, пробация қызметінің, жұмыспен қамту және денсаулық сақтау салаларының өкілдері қатысты. Мамандар босатылған азаматтарға жұмысқа орналасу, медициналық қызмет алу және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

    Осы күні мекемеден 11 сотталған азамат босатылды. Олардың қатарында рақымшылық жасау актісі негізінде, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру (ЖМЖ), сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМБ) тәртібімен бостандыққа шыққандар бар.

    Мекеме бастығы босатылған азаматтарға арнап сөз сөйлеп, қоғамға сәтті бейімделулеріне, өткен өмірден сабақ алып, алдағы уақытта заң талаптарын сақтап, құқық бұзушылықтарға жол бермеулеріне тілектестік білдірді.

    «Қақпа алдындағы кездесу» жобасының басты мақсаты — жазасын өтеп шыққан азаматтардың қоғамға қайта оралуына қолдау көрсету. Себебі бостандыққа шығу — жаңа өмірге бастар алғашқы қадам. Ал отбасының жылуы, жақындарының қолдауы мен қоғамның сенімі сол жолда үлкен күш береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары