Электронды білезікті шешіп, қашуға әрекеттенген: Көкшетауда сотталған әйелге нақты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін

    Көкшетау қаласының пробация қызметінің қызметкерлері ұрлық жасағаны үшін сотталып, пробациялық есепте тұрған жергілікті тұрғынның жаза өтеу тәртібін қасақана бұзу фактісінің жолын кесті.

    Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған әйел сот белгілеген шектеулерді бұзып, электрондық бақылау білезігін өз бетінше шешіп, қала аумағынан шығуға әрекеттенген.

    Үздіксіз цифрлық мониторингтің арқасында пробация қызметінің қызметкерлері электрондық құрылғыдан сигналдың жоғалғанын дер кезінде анықтап, бірден іздестіру шараларына кірісті. Жедел жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде азаматша Л.-ның Көкшетау қаласынан Петропавл бағытындағы автожолға шығатын тұста жүргені анықталды. Әйел қала аумағынан шығып үлгермей ұсталып, Көкшетау қаласына жеткізілді.

    Медициналық куәландыру барысында ұсталған әйелдің ағзасынан «тұз» деп аталатын психотроптық заттар анықталды. Аталған факті бойынша оған қатысты әкімшілік материал рәсімделді. Сот шешімімен әйелге 120 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Жаза түрін белгілеу кезінде кәмелетке толмаған балаларының болуы сияқты мән-жайлар ескерілді.

    Бұдан бөлек, жаза өтеу шарттарын бұзғаны және электрондық бақылау білезігін өз бетінше шешіп тастағаны үшін сотталған әйелге жазбаша ескерту берілді.

    Қазіргі уақытта уәкілетті орган тағайындалған жазаны нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру және сотталған әйелді қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберу мәселесін қарау үшін тиісті материалдарды дайындап, сотқа жолдады.

    Айта кету керек, пробация қызметі есепте тұрған адамдарды тәулік бойы бақылауды жүзеге асырады. Заманауи цифрлық технологиялар мен электрондық бақылау құралдарының көмегімен мониторинг 24/7 режимінде жүргізіледі. Бұл белгіленген шектеулердің бұзылуын дер кезінде анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

    Цифрлық бақылаумен қатар, қызметкерлер күтпеген жерден рейдтік іс-шаралар өткізіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерулер жүргізеді және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп жұмыс істейді. Мұндай кешенді тәсіл пробациялық есепте тұрған адамдардың мінез-құлқын бақылауға, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бас бостандығынан оқшаулаусыз жаза өтеу – адамның түзеліп, қоғамға қайта бейімделуіне берілген мүмкіндік екенін еске салады. Алайда бұл мүмкіндік заңда белгіленген талаптарды қатаң сақтауды міндеттейді. Жаза өтеу тәртібін қасақана бұзу жазаның нақты бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылуына әкеп соғуы мүмкін.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары