Ақмола облысында «AgroШебер-2026» халықаралық кәсіби шеберлік байқауы өтуде

    1 / 8

    Ақмола облысында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлері мен аграрлық кәсіпорындардың механизаторлары арасында «AgroШебер-2026» салалық халықаралық кәсіби шеберлік байқауының ашылу салтанаты өтті.

    Байқаудың басты мақсаты – ауыл шаруашылығын механикаландыру саласындағы кәсіби шеберлікті арттыру, өндірістік оқыту шеберлері мен аграрлық сектор мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту.

    Биылғы байқауға 8 колледждің өндірістік оқыту шеберлері мен 6 аграрлық кәсіпорынның механизаторлары қатысып, өздерінің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесін ортаға салуда. Қатысушылар қатарында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген мамандармен бірге Беларусь Республикасының өкілдері де бар.

    Іс-шараның ашылу салтанатында Ақмола облысы білім басқармасының Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Нартай Ибраев құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Беларусь Республикасындағы мемлекеттік колледжінің директоры Артём Кривопуст пен Көпбейінді инновациялық колледждің басшысы Сайран Шабданова қатысты.

    Байқауға «Казцинк» және «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамдары демеушілік қолдау көрсетуде.

    «AgroШебер-2026» байқауы – кәсіби тәжірибе алмасуға, заманауи өндірістік дағдыларды жетілдіруге және аграрлық сала мамандарының әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаң. Мұндай бастамалар еңбек нарығына қажетті білікті кадрлар даярлауға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына үлес қосады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының білім басқармасы" жаңалықтары