Заманауи технологиялар педагогтерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып, дәстүрлі сабақты қызықты әрі танымдық үдеріске айналдыруға жол ашады. Осындай бастамалардың бірі – Атбасар қаласындағы №3 мектеп-гимназияның мектепалды даярлық сыныбының педагогі Бочкарева Анастасия Максимовна әзірлеген «Математикалық ел: Бір және көп» жобасы.
Жас педагог Jas Ustaz Digital облыстық байқауына қатысып, «Үздік цифрлық сабақ» номинациясы бойынша өзінің авторлық жобасын таныстырды. Жобаның негізгі мақсаты – ойын және практикалық тапсырмалар арқылы балалардың алғашқы математикалық түсініктерін қалыптастыруға арналған тиімді цифрлық құрал әзірлеу.
Анастасияның айтуынша, жобаның негізіне «Бір және көп» тақырыбы алынған. Қарапайым көрінгенімен, бұл ұғым балалардың заттардың санын анықтау, салыстыру және топтастыру туралы бастапқы түсініктерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
«Идеямды жүзеге асыру үшін “Математика елі: Бір және көп” атты интерактивті білім беру сайтын әзірледім. Платформаға балалар бір затты бірнеше заттан ажыратуға, суреттерді “БІР” және “КӨП” санаттарына бөлуге арналған ойын тапсырмаларын орналастырдым. Мен үшін баланың мониторға жай ғана қарап отырмай, оқу үдерісіне белсенді қатысуы маңызды болды», – деп айтты жас маман.
Жобаны әзірлеу барысында Анастасия ChatGPT, Gemini және NotebookLM жасанды интеллект құралдарын пайдаланды. Жобаның тәжірибелік сынағы 21 баланың қатысуымен өткізілді. Компьютер мен интерактивті тақтаның көмегімен тәрбиеленушілер ойын тапсырмаларын орындап, суреттерді қарап, заттарды салыстырып, жаңа білімдерін бекітті.
Байқау қорытындысы бойынша Анастасия Максимовна «Үздік цифрлық сабақ» номинациясында Гран-при иеленді. Бұл жетістік жас педагогтің шығармашылық ізденісі мен білім беру саласындағы заманауи технологияларды тиімді қолдана білуінің нәтижесі болды.
Алдағы уақытта педагог жобаны одан әрі жетілдіріп, сайтты жаңа математикалық тақырыптармен, интерактивті тапсырмалармен және ойын элементтерімен толықтыруды жоспарлап отыр. Бұл мектепке дейінгі жастағы балалардың білім алу үдерісін одан әрі қызықты әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








