Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің химия және биология пәндерінің мұғалімі Екатерина Маршакова MAP QUEST «Құпия карта» атты авторлық цифрлық жобасын әзірледі.
Жоба HTML, CSS және JavaScript бағдарламалау тілдерінің көмегімен жасалған интерактивті веб-ойын болып табылады. Оның негізгі мақсаты – күрделі оқу материалдарын оқушыларға қызықты, көрнекі әрі тәжірибеге бағытталған форматта меңгерту.
«Ойын барысында оқушылар құпия карта бойынша виртуалды саяхатқа шығып, түрлі тапсырмаларды орындайды. Олар нысандарды тауып, олардың орналасуын талдайды, қателерді анықтайды және өз бетінше бағыттар құрастырады. Сонымен қатар жобада оқушыларға қолайлы жағдай жасау үшін интерактивті карта, мәтінді дыбыстау және экран параметрлерін бейімдеу мүмкіндіктері қарастырылған»-, деп айтты Екатерина.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану. ChatGPT көмегімен оқушылар қосымша ақпарат алып, оны оқу материалдарымен салыстырады, мәліметтердегі қателіктерді анықтайды және сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытады.
2025 жылдың қазан айында 21 оқушының қатысуымен өткізілген сынақ нәтижелері жобаның тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, оқушылардың орташа балы 5,2-ден 8,0-ге дейін көтеріліп, оқу материалын жоғары деңгейде меңгерген оқушылар саны 4-тен 14-ке дейін артқан.
Автордың айтуынша, MAP QUEST жобасы оқу үдерісін қызықты зерттеу алаңына айналдыруға бағытталған. Жоба оқушылардың білімді дайын күйінде қабылдауымен шектелмей, ақпаратты өз бетінше талдауына, шешім қабылдауына және алған білімдерін тәжірибеде қолдануына мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









