Ұлытау облысында мал ұрлығының алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өтуде.
Жыл басынан облыс аумағында 19 мал ұрлығы фактісі тіркелген. Жаңаарқа ауданында 13 адамнан құралған үш қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Тергеу барысында олардың сегіз қылмысқа қатысы дәлелденді.
Сонымен қатар облыс аумағында мал ұрлығының алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және мал жайылымдарына бақылауды күшейту мақсатында 5 жылжымалы полиция бекетінің жұмысы ұйымдастырылды. Полиция қызметкерлері бекеттер арқылы мал жайылымдары мен елді мекендерге іргелес аумақтарды бақылап, күдікті көліктер мен тұлғаларды тексеру, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізуде.
Ұлытау облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Ербол Қайрбеков мал ұрлығының алдын алуда полицияның жедел жұмысы мен тұрғындардың жауапкершілігі қатар маңызды екенін атап өтті.
— Мал ұрлығының алдын алу – полицияның ғана емес, әрбір мал иесінің ортақ міндеті. Төрт түлікті қараусыз қалдыру, жайылымда кезекшілік тәртібін сақтамау және түнгі уақытта малды қораға қамамау ұрыларға қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан тұрғындарды мал-мүлкінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Полиция тарапынан мұндай қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі, – деді Ербол Қайрбеков.
Полиция мәліметінше, мал ұрлығының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Алайда кейбір азаматтар малды кезекпен бағу және түнгі уақытта қораға қамап ұстау талаптарын елемейді.
Осыған байланысты полиция мал иелеріне жайылымда кезекшілік ұйымдастыруды, төрт түлікті қараусыз қалдырмауды, түнгі уақытта қауіпсіз қорада ұстауды және қора-жайлардың қорғалуын қамтамасыз етуді ескертеді.
Мал жоғалған жағдайда уақыт оздырмай полицияға хабарлау қажет. Бұл қылмыстың ізін суытпай ашуға және ұрланған малды иесіне қайтаруға мүмкіндік береді.
Полиция азаматтарды сақтық шараларын күшейтіп, мал ұрлығының алдын алуға бірлесе атсалысуға шақырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









