ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында қант саласын дамыту, қолданыстағы өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту және қосылған құны жоғары өнім өндіретін жаңа өндіріс орындарын іске қосу барысымен танысты.
Вице-министр Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстарының жай-күйімен және қант қызылшасын қабылдау үдерісінің ұйымдастырылуымен танысты.
Тараз қант зауытының жұмысын қайта жандандыру – өңірдегі қант саласын дамытуға серпін беретін маңызды жобалардың бірі. Кәсіпорынды қалпына келтіру және өндірістік орындарын жаңғырту жұмыстары былтыр басталған. Жобаға 12,4 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.
Қазіргі уақытта негізгі өндірістік нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Қызылшаны қабылдау, жуу және өңдеу, шырынды тазарту мен сүзу, буландыру, кристалдандыру және ортадан тепкіш күш арқылы қант кристалдарын бөліп алу үдерістеріне арналған технологиялық жабдықтар жеткізілді
Қажетті инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жалғасуда.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында газ және электрмен жабдықтау қуаттарын арттыру мәселелері шешілді. Қант қызылшасын қабылдау бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін зауыт жылына 250 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдей алады. Кәсіпорынның тәуліктік өңдеу қуаты 3 мың тонна шикізатты құрайды.
Өңірде қант өндірісін дамытуға бағытталған тағы бір ауқымды жоба жүзеге асырылмақ. Байзақ ауданында жылына 1 млн тоннадан астам қант қызылшасын өңдейтін қант зауытын салу жоспарланып отыр.
Саланың одан әрі дамуы үшін тұрақты шикізат базасын қалыптастыру айрықша маңызға ие.
Биыл Жамбыл облысында қант қызылшасы 9,9 мың гектар алқапқа егілді. Алдын ала болжам бойынша, жалпы өнім көлемі 450 мың тоннаны құрайды. Орташа өнімділік гектарына 100 тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
Өңдеу секторын дамытуға Шу ауданында жүгеріні терең өңдейтін зауыт салу жобасы да тың серпін бермек.
Кәсіпорын қалдықсыз технологияларды қолдана отырып, аминқышқылдар, крахмал және глюкоза өндіруге маманданады. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдеу көзделген. Алдағы уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 3 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Жалпы, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында алты ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру межеленген. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 6 млн тоннаға дейін шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар бидай, жүгері және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге бағытталады. Барлық нысанды 2029 жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл – тұтас агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттырудағы стратегиялық маңызы зор бағыт. Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі шикізат күйінде сатылатын модельден біртіндеп арылып, қосылған құны жоғары дайын өнім шығаратын заманауи өндіріс орындарын қалыптастыру. Ол үшін инвестиция тарту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту, озық технологияларды енгізу және жаңа өңдеу қуаттарын іске қосу қажет. Мұндай жобалар отандық шаруалардың мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, өнеркәсіп өндірісінің өсуіне, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және қазақстандық өнім экспортының артуына берік негіз қалайды», – деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









