Жыл басынан бері теміржол көлігімен 86,7 млн тонна көмір тасымалданды

    Қазақстанда 2026 жылдың 10 айында теміржол көлігімен 86,7 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға жоғары.

    Жалпы көлемнің 28 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді, осылайша өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді. Ал, ел ішінде 58,6 млн тонна көмір тасымалданды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артық. Оның ішінде 54,5 млн тоннасы жылу электр орталықтарына (ЖЭО), тағы 4,1 млн тоннасы халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жеткізілді.

    Жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылу электр орталықтары мен коммуналдық-тұрмыстық сектордың қажеттіліктері үшін көмірді үздіксіз тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың мамыр-қазан айлары аралығында республика бойынша 35 млн тонна көмір тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Оның ішінде 32 млн тонна көмір ЖЭО-ларға, ал 3 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жөнелтілді.

    Көмірді үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін «Қазтеміртранс» АҚ-ның иелігінде 29 мың жартылай вагоннан тұратын парк бар. Қолда бар жылжымалы құрам көмір тасымалдау қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етеді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі" жаңалықтары