Қазақстан Кишиневте Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық байланыстылықты дамытудың басым бағыттарын таныстырды

    1 / 3

    Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Еуропалық комиссия мен Молдова Республикасының Үкіметі бірлесіп ұйымдастырған «Connectivity Platform Meeting – Digital» жоғары деңгейдегі кездесуіне қатысты.

    Іс-шараға Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Қара теңіз өңірі, Түркия және Еуропалық Одақ елдерінің өкілдері, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен технологиялық компаниялардың басшылары қатысты.

    Отырыстың басты тақырыбы ретінде Еуропа мен Азия арасындағы қауіпсіз әрі орнықты цифрлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

    Министрлер деңгейіндегі панельдік сессияда сөз сөйлеген А. Исетов Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі көлік және цифрлық байланыстылықты нығайтудағы стратегиялық рөлін атап өтті.

    Сонымен қатар, Орталық Азия мен Еуропа арасындағы біртұтас цифрлық дәлізді қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашатын 2026 жылғы 15 қазанда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы «Ақтау – Сумгаит» Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылғанына ерекше көңіл бөлді.

    Осы орайда Еуропалық Одақтың «Global Gateway» бастамасы мен Байланыстылық платформасы аясында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастықтың әлеуетін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

    А. Исетов Қазақстанның Еуропалық Одақпен технологиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және өңірлік цифрлық байланыстылықты дамытуға дайын екенін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" жаңалықтары