2026 жылғы 9 қарашада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналған отырысы өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз көзқарасын білдіріп, Тәуелсіздікті нығайту мен егемендікті қорғауға бағытталған міндеттерді айқындады. Президент, ең алдымен, қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызын атап өтіп, бұл құндылықтарсыз реформаларды жүзеге асыру және елдің одан әрі дамуын қамтамасыз ету мүмкін еместігіне назар аударды.
Отырысты ашқан Қоғамдық кеңес төрағасы Айгүл Құспан алға қойылған міндеттерді іске асыруға ғылыми орта, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық қоғам өкілдерін тартудың маңыздылығына тоқталды. Олардың кәсіби тәжірибесі мен қоғамдағы беделі мемлекеттік бастамаларды ілгерілетуге және қоғамдағы ашық диалогты нығайтуға ықпал ете алады.
Кеңес төрағасы мүшелерді Президент Жолдауын, сондай-ақ мемлекеттік бастамалардың мақсаттары мен мазмұнын жұртшылыққа түсіндіру жұмысына қатысуға шақырды. Бұл ретте сенімді ақпарат пен кәсіби сараптамаға сүйенудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар заңды құрметтеу, тәртіп сақтау, адал еңбек ету және азаматтық жауапкершілік қағидаттарына негізделген «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» бастамаларының құндылықтарын қоғам үшін маңызды бағдарлар ретінде атап көрсетті.
Айгүл Құспан өз сөзінде Президент Жолдауында айқындалған, Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметіне тікелей қатысты басымдықтарға ерекше назар аударды.
Негізгі бағыттардың бірі ретінде еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселесі аталды. Халықаралық жүк тасымалы бағыттарының өзгеруі және құрлық дәліздерінің маңызының артуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Оларды тиімді пайдалану үшін инфрақұрылымды дамыту, логистикалық жүйелердің тиімділігін арттыру, халықаралық әріптестікті нығайту және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту қажет.
Еліміз үшін тағы бір маңызды басымдық -энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Президент қойған 2029 жылға қарай тұрақты энергетикалық профицит қалыптастыру міндетін орындау энергетикалық қуаттарды арттыруды, инфрақұрылымды жаңғыртуды және заманауи технологияларды енгізуді талап етеді. Осы тұрғыда халықаралық ынтымақтастық шетелдік технологиялық шешімдерді тартуға, тәжірибе алмасуға, мамандар даярлауға және Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін ескере отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Инвестициялық саясат мәселелері бойынша еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту және инвесторлардың құқықтық қорғалуын күшейту қажеттігі атап өтілді. Мемлекет басшысы Жолдауында инвестициялық қызметтің тиімділігін бағалау кезінде тартылған қаражат көлемімен ғана шектелмей, іске асырылған жобалардың нақты нәтижелеріне мән беру керектігін атап көрсетті. Атап айтқанда, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын құру, заманауи технологияларды енгізу және ұлттық экономиканың дамуына қосқан үлес басты назарда болуы тиіс. Мұндай нәтижелерге қол жеткізу үшін инвесторлармен жүйелі өзара іс-қимыл орнатып, мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет.
Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері өздерінің кәсіби және қоғамдық алаңдарын пайдалана отырып, Президент Жолдауын түсіндіру жұмысына атсалысуға дайын екендерін білдірді. Бұл жұмыс Жолдаудың мазмұнын Қазақстанда және шетелде тұратын еліміздің азаматтарына кеңінен жеткізуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









