Астанада Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауына арналған шет мемлекеттердің дипломатиялық миссия басшылары мен халықаралық ұйымдар өкілдеріне арналған брифинг өтті. Іс-шарада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және көлік вице-министрі Дамир Қожахметов баяндама жасады.
Брифинг барысында Дамир Қожахметов шетелдік дипломаттарға Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытудың негізгі бағыттары мен Жолдауда белгіленген міндеттерді таныстырды. Негізгі назар елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және Азия мен Еуропа арасындағы халықаралық көлік байланысын кеңейтуге аударылды.
Атап айтқанда, көлік жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы баяндалды. Олардың қатарында Аягөз – Бақты теміржол желісінің құрылысы, автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту, Арал – Каспий автожолын салу, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарының өткізу мүмкіндігін кеңейту жобалары бар.
Сонымен қатар көлік саласын цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан электрондық тасымалдау құжаттарын енгізіп, «Е-Көлік» ұлттық интелектуалды көлік жүйесін дамытып, шетелдік әріптестермен цифрлық деректер алмасуды кеңейтіп келеді. Қазіргі уақытта алты елмен электрондық рұқсат бланкілерімен алмасу жүзеге асырылуда.
Брифинг қорытындысы бойынша Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция тартуға және шетелдік әріптестермен бірлескен инфрақұрылымдық әрі логистикалық жобаларды іске асыруға мүдделі екені атап өтілді. Бұл бастамалар көлік байланысын нығайтуға, транзиттік бағыттарды дамытуға және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








