ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДАН РЕСПУБЛИКАДА БІРІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

    Жамбыл облысында инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңірдің инвестициялық ахуалы жақсарып, негізгі көрсеткіштер бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың қатарына қосылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы тікелей шетелдік инвестиция тарту көлемі бойынша республикада бірінші орынға ие болды. Есепті кезеңде өңірге 456,4 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 289,7 млн АҚШ долларын құраған еді.

    Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 721,9 млрд теңгеге жетті. Оның 56,1 млрд теңгесі немесе 8 пайызы бюджет қаражаты есебінен, ал 665,8 млрд теңгесі немесе 92 пайызы жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді. Осы көрсеткіш бойынша облыс республикада өсу қарқыны жағынан екінші орынға тұрақтады.

    Өңір экономикасына жеке капитал тарту, жаңа өндірістерді орналастыру және инвестициялық жобаларды іске асыруда жергілікті атқарушы органдар, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ және «Zhambyl Invest» ЖШС бірлесіп жұмыс жүргізуде. Негізгі басымдық – инвесторларға қолайлы жағдай жасау, жобаларды сүйемелдеу және өндірістік әлеуетті арттыру.

    Қазіргі таңда облыста жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оларды іске асыру нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

    Жыл басынан бері жалпы құны 338 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін тағы 21 жобаны іске қосу жоспарланған.

    Жаңа өндіріс орындарын ашу бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің күкірт қышқылы зауыты, «Alit Holding» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспалары мен мәрмәр ұны өндірісі, сондай-ақ «TRZ Agro» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы бар.

    Бұдан бөлек, Шу ауданында «Shengtai Biotech» ЖШС-нің жүгеріні терең өңдеу өнеркәсіптік кешенінің бірінші кезеңі іске қосылды. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытын дамытуға мүмкіндік береді.

    Инвестициялық жобаларды іске асырумен қатар, өңірде жаңартылатын энергия көздері, қалдықтарды өңдеу және агроөнеркәсіп салаларында да жаңа бастамалар қолға алынуда. Атап айтқанда, Францияның TotalEnergies және Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компанияларының жел электр станцияларын салу жобалары, «Gakku Qus» ЖШС-нің инкубациялық жұмыртқа өндіру кәсіпорны және «For You Energy» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтарды электр энергиясына айналдыру зауытының құрылысы жоспарланған.

    Өңірде инвесторларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағы мен «Тараз» индустриялық аймағы да жұмыс істейді. Бұл алаңдарда өндірістік жобаларды жүзеге асыруға қажетті жер учаскелері, дайын инфрақұрылым және заңнамаға сәйкес мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

    Мәселен, «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында химия, металлургия, агроөнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі салаларында жалпы құны 964 млрд теңгені құрайтын 25 қатысушының инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда.

    Жамбыл облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – шетелдік және отандық капитал көлемін ұлғайту, жаңа кәсіпорындар ашу, тұрақты жұмыс орындарын құру және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Талас ауданының әкімдігі" жаңалықтары