Жетісу облысы Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері түнгі патрульдеу барысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіні анықтады.
Полицейлердің назарын бағдаршамның тыйым салатын қызыл түсіне өтіп кеткен автокөлік аударған.
Тексеру барысында көлік тізгінінде алкогольдік масаң күйде болған Қаратал ауданының 25 жастағы тұрғыны отырғаны анықталды.
Сонымен қатар жүргізушінің міндетті сақтандыру полисі мен автокөліктің техникалық байқаудан өткені туралы құжаты болмағаны белгілі болды.
Бағдаршамның қызыл түсіне өткені, сақтандыру полисінің және техникалық байқаудың болмағаны үшін жүргізуші қосымша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен мас күйінде көлік басқарған азамат 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Жетісу облысының Полиция департаменті мас күйінде көлік басқару және бағдаршам талаптарын елемеу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертеді.
Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыздар, мас күйінде көлік тізгініне отырмаңыздар! Естеріңізде болсын, жолдағы бір ғана қателік орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









