«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жаңаарқа ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, қордың қолдауымен жүзеге асырылған жобалардың нәтижелерімен танысты, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Ләззат Шыңғысбаева Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаевпен бірге Жаңаарқа аудандық мәдени-демалыс орталығының жаңартылған кабинеттері мен залдарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Қордың қолдауымен орталық тоғыз бағыт бойынша заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл мәдени іс-шараларды өткізуге және шығармашылық бастамаларды дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында Ұлытау облысының құрметті азаматы, күйші Мұхаметжан Тілеуханов ақ тілегін білдірді. Салтанатты рәсім аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Жұмыс сапары аясында делегация Бименде Амалбеков атындағы тірек мектепке де барып, білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысты. 2023 жылы мектеп «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен заманауи оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілген болатын.
Сонымен қатар №1 мектеп-лицейде делегация мүшелеріне Ұлытау облысының мектептеріне «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейлерінің тәжірибесін енгізу жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Жоба аясында химия, физика және биология пәндеріне арналған үш оқу кабинеті жабдықталды.
Жұмыс сапары барысында әлеуметтік жобалардың іске асырылу нәтижелеріне, сондай-ақ өңірде білім беру мен мәдениетті дамыту үшін жасалған жағдайларға ерекше назар аударылды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









