«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – дала, орман және тау ландшафттарын біріктіретін ерекше табиғи аумақ. Мұнда киік, елік, түлкі, дала қыраны, сабаншы және басқа да жабайы жануарлар мекендейді, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Ұлттық парк 2021 жылы құрылып, еліміздегі 14-ші ұлттық парк атанды. Оның жалпы аумағы 58 912 гектарды құрайды. Парк аумағында құстардың 200-ге жуық түрі және қорғауға алынған сүтқоректілердің 25-ке жуық түрі кездеседі.
Қазақ даласының нышандарының бірі – киік. Бұл жануар сағатына 80 шақырымға дейін жылдамдықпен жүгіре алады. Ал оның ерекше құрылысты тұмсығы шаңды сүзуге және жылдың суық мезгілінде жұтатын ауаны жылытуға көмектеседі.
Ұлттық паркте Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген дала қыраны да мекендейді. Оның қанатының құлашы екі метрге дейін жетеді. Парк қызметкерлері көбіне жерге немесе тастардың үстіне ұя салатын дала қырандарын тұрақты бақылап отырады.
Аумақта кездесетін сирек жануарлардың бірі – Қызыл кітапқа енгізілген сабаншы. Сонымен қатар мұнда қабан, суыр, саршұнақ, ақ қоян, сұңқылдақ аққу, бүркіт және басқа да жануарлар мекендейді.
Ұлттық парктің жабайы табиғатын қорғау жұмыстарымен инспекторлар мен аңшылықтанушылар күнделікті айналысады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









