ШҚО-да бір апта ішінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 45 фактісі анықталды

    1 / 3

    ШҚО-да бір апта ішінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 45 фактісі анықталды

    Заңсыз аң аулау, балық аулау және ағаштарды кесу – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында анықтап жатқан құқық бұзушылықтар.

    Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдің жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау, жануарлар мен балықтарды заңсыз аулауға жол бермеу, сондай-ақ орман қорын сақтау.

    Алғашқы аптаның өзінде полицейлер 45 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 27-сі аң аулау қағидаларын бұзуға, 17-сі балық аулау қағидаларын бұзуға қатысты. Тағы бір дерек ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдауға байланысты тіркелді.

    Барлық дерек бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 382, 383 және 381-1-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

    Тексерулер заңсыз аң аулау мен балық аулау орын алуы мүмкін аумақтарда, сондай-ақ басқа да табиғи аймақтарда жүргізілуде. Полицейлер құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, азаматтарға аң аулау және балық аулау қағидаларын түсіндіріп, табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын еске салады.

    «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Полиция облыс тұрғындары мен қонақтарын табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға шақырады. Өйткені туған өлкенің табиғи байлығын сақтау – баршамызға ортақ міндет.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары