Астанада демалыс күндері «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтті

    1 / 8

    Астанада дәстүрлі «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке қаланың үш жерінде ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген шаруалар ет өнімдерін көпшілікке тиімді бағамен ұсынды.
    Жәрмеңкені қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы ұйымдастырды.
    «Соғым – халқымыздың қысқа қамдануымен байланысты қалыптасқан көне дәстүр. Ежелден әр отбасы қысқа арнап ет дайындап, оны сүрлеп сақтаған. Сондай-ақ жақындарын жинап, дастарқан басында ет бөліскен. Бүгінде «Соғым-FEST» осы дәстүрді жаңаша форматта жалғастырып, отандық фермерлер мен елорда тұрғындарын бір алаңға жинады.
    Жәрмеңке арқылы тұрғындар ет өнімдерін тиімді бағамен сатып ала алды», – деді қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев.
    Жәрмеңкеде ет өнімдері тиімді бағамен сатылды. Мәселен, сиыр етінің бір келісі – 3 300 теңгеден, жылқы еті – 3 500 теңгеден, қой еті 3 700 теңгеден ұсынылды.
    Елордада Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Абай облыстарынан келген фермерлер өз өнімдерін ұсынды.
    «Жәрмеңкеге еліміздің оңтүстік өңірлерінен де шаруалар келді. Өткен жылдардағы көрсеткіштерге қарағанда, мұнда апта сайын орта есеппен 150-200 тонна ет сатылған.
    Ұйымдастырушылар маусым аяқталғанша сатылатын ет көлемі 1 000 тоннадан асады деп жоспарлап отыр», – деп толықтырды Мақсат Жанабаев.
    Сатылымға шығарылған еттің бәрі зертханалық тексеруден өткізіліп, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі анықталды.
    Ал бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында қалалық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары бақылау жүргізді. Ет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататындықтан, оның сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс.
    «Біздің негізгі міндетіміз – бағаның дұрыс белгіленуін қадағалау. Мұндай жәрмеңкелер өндірушілердің өнімін тұтынушыға делдалсыз жеткізуге мүмкіндік береді.
    Қызметкерлеріміз сауда орындарын түгел аралап, өнім бағасына қойылатын сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауын қадағалады», – деді Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов.
    «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі елорданың үш сауда алаңында ұйымдастырылды:
    - Keruen Joly сауда орталығы – Алаш тасжолы, 35Б;
    - «Ет Әлемі» сауда орталығы – Алаш тасжолы, 31/1;
    - Jurt сауда орталығы – Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3.
    Жәрмеңкенің жұмыс уақыты сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін белгіленді. Ұйымдастырушылардың жоспарына сәйкес, жәрмеңке 2026 жылдың соңына дейін әр демалыс күндері өткізіледі.
    Keruen Joly және «Ет Әлемі» сауда орталықтарына №7, 11, 39, 41, 45, 53, 59, 76, 81, 82, 120, 120А, 307 және 317 автобустарымен жетуге болады. Ал Jurt сауда орталығына №2, 7, 13, 32, 42, 49, 50, 67 және 73 автобустары қатынайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы" жаңалықтары