Жаңа трамплиндер мен мұз айдыны: Щучинск қаласында ауқымды спорт кешені салынуда

    1 / 7

    Төрт оқу-жаттығу трамплині, 300 орындық мамандандырылған мектеп-интернат және 3 мыңға жуық көрерменге арналған жабық мұз айдыны. Мұндай ауқымды нысандар Щучинск қаласында Қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының үшінші кезегін салу аясында бой көтереді. Құрылыс жұмыстары басталып кетті.

    Жобаның жүзеге асырылу барысы мен алдағы жоспарларымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты. Алдағы уақытта орталық қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларды халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына даярлайтын негізгі базалардың біріне айналады. Бұл спорт резервін даярлау сапасын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

    Кешеннің сәулеттік тұжырымдамасы білім беру, кәсіби спорттық дайындық және спортшыларды оңалту үдерістерін бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамына арналған тұрғын корпус пен қажетті инженерлік инфрақұрылым нысандары да қарастырылған.

    «Біздің басты міндетіміз – жас спортшылардың қабілетін шыңдап, шеберлігін жетілдіруіне және жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне барлық жағдай жасау. Ол үшін сапалы білім беруді, толыққанды жаттығу үдерісін және спортшылардың оңалуына қажетті мүмкіндіктерді біріктіретін заманауи инфрақұрылым қажет. Жаңа кешенде 300 оқушы білім алып, 100-ге дейін спортшы жыл бойы қысқы спорт түрлері бойынша дайындықтан өте алады. Бұдан бөлек, мұнда халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік туады. Бұл орталық елімізде қысқы спорт түрлерін дамытуға және спорт резервін қалыптастыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

    Үшінші кезектің іске асырылуы қолданыстағы Олимпиадалық даярлау орталығының мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұнда оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, спортшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға және түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындалуына қолайлы жағдай жасалады.

    Алдағы уақытта кешен еліміздің спорт инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып, Щучинск қаласының қысқы спорт түрлерін дамыту орталығы ретіндегі әлеуетін арттырады. Сондай-ақ қазақстандық чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеуге жол ашады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының әкімдігі" жаңалықтары