Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Президент Солтүстік Қазақстан облысының сүтті мал шаруашылығын дамытудағы тәжірибесін атап өтті. Бүгінде осы тәжірибе негізінде елімізде жылына 462 мың тоннадан астам сүт өндіретін 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. СҚО үшін «Көкшетау - Петропавл» автожолын реконструкциялау, логистиканы дамыту, газдандыру және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру да ерекше маңызға ие.
Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі жұмыс тобы өңірге жұмыс сапарымен келді. Оның құрамына Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев және ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафин кірді.
Жұмыс тобы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының өкілдерімен және еңбек ұжымдарымен кездесті. №17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде Жолдау тақырыбына арналған кездесуге 130-ға жуық педагог қатысты. Ал көпбейінді облыстық ауруханада 100-ге жуық медицина қызметкерімен кездесу өтті.
«Модернизация жүргізіліп, жаңа ауруханалар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және басқа да нысандар салынуда. Солтүстік Қазақстан облысында, Петропавл қаласында көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатқаны қуантады. Халыққа медициналық көмекті басқа қалаларға бармай-ақ, өз жерінде көрсету қажет», - деді Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Қайрат Айтуғанов.
С.М. Киров атындағы зауытта еңбек ұжымымен кездесу өтті. 100-ге жуық жұмысшы газдандыру, жол инфрақұрылымы, логистика, ең төменгі жалақыны арттыру және кәсіпорынның даму перспективаларын талқылады.
«Президенттің Жолдауы туралы, ең төменгі жалақыны көтеру, сондай-ақ газдандыру, жолдар мен логистика мәселелері жөнінде айтып берді. Мұның бәрі біз үшін өзекті. Қазір зауытты жекешелендіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Ұжым сақталады деп уәде беріп отыр, бізде дайын мамандар бар. Бұл жеке инвестициялар болады, демек, мүмкіндіктер де артады», - деп бөлісті өндіріс бастығы Александр Криволапов.
Облыстық кітапханада жұмыс тобы мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында саланы дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау және жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
«Мемлекет басшысы ауқымды жалпыұлттық құрылыс жариялады. Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе - шағын және орта бизнесті қолдау. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізілді. Жалпы, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ел бойынша ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік саясат қайта қаралуда», - деп түйіндеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Елдар Күзенбаев.
Сондай-ақ жұмыс тобы Qyzyljar Creative Center орталығына барып, креативті жастарды қолдау, цифрлық құзыреттерді дамыту және шығармашылық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстармен танысты.
«Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауының негізгі ережелері, онда белгіленген міндеттер мен оларды іске асыру перспективалары талқыланды. Мәдениетті дамытуға, шығармашыл жастарды қолдауға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасауға ерекше назар аударылды», - деді Qyzyljar Creative Center басшысы Жайнагүл Успанова.
Жұмыс сапары барысында топ өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесулер Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіруге, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдауға және өңірді одан әрі дамыту міндеттерін айқындауға мүмкіндік берді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









