Жетісу жолдары цифрлық бақылауда: жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 584 бейнебақылау камерасы орнатылған

    Жетісу облысында Полиция департаменті өкілдерінің қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи цифрлық технологияларды енгізу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған брифинг өтті.

    Брифинг барысында полиция өкілдері өңірде қолданыстағы автоматтандырылған бақылау жүйелері, олардың мүмкіндіктері және жол-көлік оқиғаларын азайту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

    Бүгінгі таңда республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 137 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 584 бейнебақылау камерасы орнатылған.

    Жол қозғалысын бақылау үшін «ZEREK-2», «VIDAR SPEED-R», «Сергек», «МЕРГЕН», сондай-ақ Ekin BOX SPOTTER заманауи жүйелері қолданылады.

    Аталған технологиялар жол қозғалысын тәулік бойы бақылауға, жылдамдық режимінің сақталуын қадағалауға және жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметінде қызметтік автокөліктерге орнатылған Ekin Patrol G2 мобильді жүйесі пайдаланылады. Бұл жүйе қозғалыс барысында көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін автоматты түрде танып, іздеуде жүрген автокөліктерді анықтауға және құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

    Брифинг барысында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Талдықорған қаласының тоғыз учаскесінде интеллектуалды «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату жоспарлануда.

    Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, заманауи цифрлық технологияларды енгізудің басты мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

    «Біздің басты міндетіміз – айыппұл санын арттыру емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін қауіпсіз жағдай жасау. Әрбір жүргізуші жол ережелерін сақтау ең алдымен адам өміріне деген жауапкершілік екенін түсінуі тиіс», – деп атап өтті полиция өкілдері.

    Брифинг соңында полиция өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап беріп, облыс тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға және жолда барынша мұқият болуға шақырды.

    «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету Жетісу облысы Полиция департаменті жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының Полиция департаменті" жаңалықтары