Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдерінің қатысуымен қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) басқару саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселесіне арналған брифинг өтті.
Брифинг барысында жобаларды іске асырудың ағымдағы нәтижелері, оларды қаржыландыру тетіктері, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарын дамыту жоспарлары, сондай-ақ қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату технологияларын енгізу перспективалары таныстырылды.
Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Негізгі назар қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарын құру мен жаңғыртуға, арнайы техникалар паркін жаңартуға, сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жаратудың жаңа технологияларын енгізуге аударылып отыр.
Бүгінгі таңда жеңілдетілген тетік аясында жалпы құны шамамен 350 млрд теңгені құрайтын 67 жобадан тұратын портфель қалыптастырылды. Бұл бизнес өкілдерінің саланы дамытуға жоғары қызығушылығын және айтарлықтай инвестициялық әлеуеттің бар екенін көрсетеді.
Жобалардың жалпы санынан «Жасыл даму» АҚ 122,6 млрд теңге сомасына 34 жобаны қаржыландырды. Тағы 29,9 млрд теңге сомасындағы 7 жоба Өнеркәсіпті дамыту қоры тарапынан мақұлданып, қазіргі уақытта келісімшарттарға қол қою кезеңінде тұр. Сараптамадан өткізу сатысында жалпы сомасы 31,5 млрд теңгені құрайтын 11 жоба қаралуда. Қалған 15 жоба бойынша инвесторлар екінші кезеңде қараудан өту үшін құжаттарды дайындауда.
Қызмет бағыттары бойынша 41 жоба қайта өңдеу қуаттарын құру мен жаңғыртуды, 15 жоба ҚТҚ сұрыптау инфрақұрылымын дамытуды, ал тағы 11 жоба қалдықтарды жинау және тасымалдауға арналған арнайы техниканы сатып алуды көздейді.
Бүгінгі таңда қаржыландырылған жобалардың 15-і пайдалануға берілді.
Олардың ішінде арнайы техника сатып алу бойынша 9 жоба, қалдықтарды сұрыптау бойынша 3 жоба және қайта өңдеу бойынша 3 жоба бар.
Іске асырылған жобалар аясында 131 бірлік арнайы техника сатып алынды, жылдық қуаттылығы 290 мың тоннаны құрайтын сұрыптау нысандары, сондай-ақ жылына 19,3 мың тонна шиналар мен макулатураны кәдеге жаратуға арналған қайта өңдеу кәсіпорындары пайдалануға берілді. Жалпы 523 жұмыс орны құрылды.
Айта кету керек, инфрақұрылымдық жобалар облыс орталықтарында ғана емес, аудандық және ауылдық елді мекендерде де жүзеге асырылуда. Мәселен, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында сұрыптау кешені пайдалануға берілді, Атырау облысының Құлсары қаласында арнайы техника паркі жаңартылды, ал Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Құркелес ауылында қайталама өнімдер, оның ішінде жұмыртқа науаларын шығара отырып, макулатураны қайта өңдеу жобасы іске асырылды.
Жобалардың толық портфелін іске асыру нәтижесінде 178 бірлік арнайы техника сатып алуға, қалдықтарды сұрыптау қуаттарын жылына 2,3 млн тоннаға, ал қайта өңдеу қуаттарын жылына 1,1 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар өңірлерде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген.
Саланы одан әрі дамыту мақсатында қолданыстағы қаржыландыру тетігін кеңейту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта қаржыландырудың жалпы көлемі 185 млрд теңгені құрайды. Қарыздар Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жылдық 3% мөлшерлемемен 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Өңірлердің қоқыс таситын көліктер паркін жаңарту, жаңа сұрыптау желілері мен қайта өңдеу қуаттарын салу қажеттілігін ескере отырып, қаржыландырудың жалпы көлемін 385 млрд теңгеге дейін ұлғайту, бағдарламаның мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ аудандық және ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға өз қаражатын қоспай-ақ бағдарламаға қатысу мүмкіндігін беру жоспарлануда.
2031 жылдан бастап қайтарылған қаражатты жаңа жобаларды қолдауға бағыттауды көздейтін револьверлік қаржыландыру тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Саланы дамытудың тағы бір перспективалы бағыты – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату.
2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу бойынша Қытай компанияларымен үш инвестициялық келісімге қол қойылды. Инвестициялардың жалпы көлемі 293 млрд теңгені немесе шамамен 650 млн АҚШ долларын құрайды.
Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды 2028 жылы іске қосу жоспарланған. Кәсіпорындар қалдықтарды полигондарға көму көлемін азайтуға, сонымен қатар электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, еліміздің басқа өңірлерінде, атап айтқанда, Қарағанды қаласында осындай жобаларды іске асыру мүмкіндігі пысықталуда.
Сонымен қатар қалдықтарды басқару жүйесін кешенді жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасында 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасы бекітілді (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 1201 қаулысы).
Құжатта қалдықтарды басқарудың бірыңғай цифрлық платформасын құру, қалдықтардың әрбір түрімен жұмыс істеу бойынша жеке қағидалар әзірлеу, оларды толық түгендеу, қайталама ресурстар нарығын дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және қалдықтарды түзушілердің жауапкершілігін күшейту көзделген.
Тұжырымдаманы іске асыруды үйлестіру мақсатында Министрлік жанынан «Жасыл даму» АҚ базасында Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы құрылды. Оның негізгі міндеттері – әдіснамалық сүйемелдеу, ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және көзделген іс-шаралардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу.
Жалпы, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту, жеке инвестицияларды тарту және заманауи технологияларды енгізу сұрыптау мен қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, қалдықтарды полигондарға көму деңгейін төмендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және елімізде қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









