Өскеменде Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге және белгіленген бастамаларды жүзеге асырудағы әйелдердің рөлін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға іскер әйелдер, кәсіпорын басшылары, қоғам қайраткерлері және өңірдің қоғамдық-саяси, экономикалық өміріне белсенді араласып жүрген азаматшалар қатысты.
Жиынға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Лаура Қарабасова құттықтау сөз сөйледі. Ол кездесудің ел үшін маңызды тарихи кезеңде өтіп жатқанын атап өтіп, мемлекеттік бастамаларды талқылаумен қатар, оларды жүйелі түрде жүзеге асырудың да маңызы зор екенін айтты.
Оның сөзінше, дөңгелек үстелдің мақсаты Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндірумен шектелмей, Президент айқындаған басымдықтарды сапалы орындау жолындағы ортақ және жеке жауапкершілікті белгілеу.
Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі экономикалық бастамаларды іске асыру және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру болды. Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері Жолдаудағы бизнес қызметіне тікелей қатысты мәселелерді, соның ішінде салық саясатын, кәсіпкерлерді тексеру тәртібін және құрылыс саласын дамыту бағыттарын қарастырды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің өңірлік кеңесінің өкілі, кәсіпкер Елена Березинская-Абилова бизнес саласындағы әйелдер үшін салық жүктемесі, 2027 жылға дейін тексерулерге жарияланған мораторий және ауқымды құрылыс мәселелері маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде әйелдер кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын белсенді меңгеріп, ерлермен тең дәрежеде бәсекелестік ортаға араласып келеді. Олардың қызметі шағын бизнеспен ғана шектелмей, құрылыс саласындағы, соның ішінде жол инфрақұрылымына қатысты жобаларды да қамтиды.
Ол сондай-ақ кәсіпкер әйелдердің қызмет аясын кеңейтіп, жаңа салаларды игеруіне және өңірдің экономикалық үдерістеріне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін жағдайлардың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде экономикалық мәселелермен қатар, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыттары да талқыланды. Мұндай алаңдардың маңызы әртүрлі сала өкілдерінің тікелей пікір алмасып, өзекті мәселелерді көтеруіне және оларды шешу жолдарын ұсынуына мүмкіндік беруімен ерекшеленеді.
Өскемен қаласы әкімінің мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ирина Ляховская кездесудің ұйымдастырылуы мен талқылау деңгейіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, қатысушылар маңызды мәселелерді түсінікті форматта қарастырып, мазмұнды әрі нәтижелі пікір алмасты.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, кездесу бизнес, қоғамдық сектор және мемлекеттік басқару салаларында еңбек ететін әйелдердің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Олар әйелдердің қоғамдық және экономикалық үдерістерге белсенді араласуының маңызын атап өтіп, Президент Жолдауында белгіленген басымдықтарды жүзеге асыру үшін бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








