Шығыс Қазақстан облысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысының алдын алу және есірткі құралдарының заңсыз жарнамасын жою бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері өңір аумағында есірткі жарнамасы бар 700-ден астам заңсыз жазба мен QR-код анықталып, жойылды.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар полиция қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, жастар және волонтерлердің бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылуда. Кезекті рейдке ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, «Esbol Qory» қоғамдық қорының, облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері мен еріктілер қатысты.
Іс-шара барысында Өскемен қаласының Назарбаев даңғылы бойындағы көшелер мен инфрақұрылым нысандары тексерілді. Нәтижесінде есірткі дүкендерінің мекенжайлары мен QR-кодтары көрсетілген 30-дан астам наркограффити анықталды. Барлық заңсыз жазбалар арнайы бояудың көмегімен боялып, жойылды.
Рейд барысында жастар арасында есірткінің адам денсаулығына және қоғамға тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Мамандар есірткі заттарының таралуына қарсы күресте тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның белсенді ұстанымы маңызды екенін атап өтті.
Мұндай профилактикалық рейдтердің негізгі мақсаты — есірткінің заңсыз жарнамасының таралуына жол бермеу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және тұрғындардың құқықтық жауапкершілігін арттыру.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық орындарда есірткі жарнамасына ұқсас жазбалар немесе QR-кодтар анықталған жағдайда, бұл туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.









