Өскеменде құтқарушылар туралы фильмнің тұсаукесері өтті.

    1 / 4

    Құтқарушы – қай кезде де адам өмірін бәрінен биік қоятын, қауіп-қатермен бетпе-бет келсе де, өз міндетіне адалдық танытатын маман. Олардың күнделікті қызметі, көзге көріне бермейтін ерлігі мен жауапкершілігі кино өнеріне арқау болды. Жазда Өскеменде түсірілген «Соңыра» фильмі арада бірнеше ай өткен соң үлкен экранға жол тартты. Туындыны Шығыс Қазақстан тұрғындары бүгін фильм авторларымен бірге тамашалап, актерлермен жүздесті.

    Шығыстың бас шаһарындағы кинотеатрлардың бірінде фильмнің арнайы көрсетілімі өтіп, көрермендер шығармашылық топпен кездесті. Тұсаукесерге басты рөлдерді сомдаған актерлер, продюсерлер Олжас Абай мен Дариға Бадықова, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев және облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қатысты.

    Кинотеатр залы көрерменге лық толды. Кеш қонақтары жиналған жұртшылыққа ризашылықтарын білдіріп, мұндай аншлагты көптен бері көрмегендерін атап өтті.

    Олжас Абай, әсіресе, түсірілім кезінде Өскемен тұрғындарының көрсеткен ықыласы мен түсіністігін ерекше ықыласпен еске алды.

    «Өскемен тұрғындарына айрықша алғыс айтқым келеді. Түсірілім кезінде адамдар бізге жиі келіп, бірге суретке түсуді немесе қолтаңба алуды өтінетін. Алайда жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты олардың барлығына бірдей уақыт бөле алмадық. Білесіздер ме, бізді ерекше қуантқаны не? Қала тұрғындары жағдайымызды үлкен түсіністікпен қабылдап, реніш білдірмеді, наразылық танытпады. Мұндағы адамдар шынымен де мәдениетті әрі тәрбиелі екен. Мұндай қарым-қатынасты кез келген қаладан кездестіре бермейсің. Сол үшін сіздерге рақмет!» – деді Олжас Абай.

    Фильмнің бас продюсері Дариға Бадықова да кинотуындының жүзеге асуына қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Ол Шығыс Қазақстан облысының әкіміне, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысына және Өскемен қаласының әкімдігіне түсірілім жұмыстарына көрсеткен көмегі үшін ризашылығын жеткізді.

    Ал құтқарушылардың күнделікті қызметін экранда шынайы бейнелеу, продюсердің айтуынша, шығармашылық топ үшін оңайға соқпаған. Өйткені түсірілімге кәсіби актерлермен бірге өмірде төтенше жағдайлармен бетпе-бет келіп жүрген мамандар да қатысты. Камера алдында жұмыс істеуге дағдыланбаған құтқарушыларға кейбір көріністерді бірнеше мәрте қайталауға тура келген.

    «Құтқарушылардың жұмысын экранда көрсету оңай болған жоқ. Түсірілімге өрт сөндіру бөлімінің нағыз қызметкерлері қатысты. Олар камера алдында жұмыс істеуге емес, шынайы төтенше жағдайларда әрекет етуге дағдыланған адамдар. Кейбір көріністерді бірнеше рет қайталауға тура келді. Бұл олардан көп күш пен шыдамдылықты талап етті. Соған қарамастан, олар түсірілім жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарады», – деді Дариға Бадықова.

    Кәсіби актерлермен қатар фильмге түскен нағыз құтқарушылар – ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Олар кинода өз өмірлерін, жанқиярлыққа толы күнделікті қызметтерін бейнеледі. Айта кету керек, картинаға өңірдің театр актерлері мен актрисалары да тартылған.

    Түсірілімге қатысқан мамандардың бірі – ШҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметінің кезекші бөлімінің жедел кезекшісі Мерей Шәріпханов. Құтқару саласында 17 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман үшін бұл тәжірибе кәсіби қызметінен бөлек, ерекше әсер қалдырған.

    «Түсірілім кезінде мен өз жұмысымды атқардым. Дегенмен, бір көріністі бірнеше рет қайталап ойнау оңай болған жоқ. Фильм экранға шыққаннан кейін туыстарым, достарым мен бұрынғы курстастарым мені танып, суреттер мен бейнежазбаларды жібере бастады. Құтқару қызметі саласында еңбек етіп келе жатқаныма 17 жыл болды. Түсірілім барысында бұл тәжірибенің қаншалықты әсерлі болатынын толық сезіне қоймаппын. Ал фильм экранға шыққаннан кейін алған әсерім мүлде бөлек болды», – дейді Мерей Шәріпханов.

    Көрсетілімнен кейін көрермендер де өз әсерлерімен бөлісті. Олар фильмнің мазмұнына, актерлердің шеберлігіне және туған қаласының экрандағы көрінісіне жоғары бағасын берді.

    «Фильм өте жақсы түсірілген, маған бәрі ұнады. Көрермендерді өзіміздің туған Өскемен қаласымен таныстырып, оны осындай ерекше қырынан көрсеткен актерлерге алғыс айтқым келеді», – деді қала тұрғыны Гүлнар Бегенбаева.

    Жалпы, фильмнің тұсаукесеріне 580 көрермен жиналды. Кинотеатрдағы аншлаг, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен оң бағасы шығармашылық топ үшін Өскемендегі кездесудің жарқын қорытындысына айналды. Құтқарушылардың қызметін, олардың күнделікті еңбегі мен адам өмірі үшін күрестегі табандылығын арқау еткен туынды көрерменге ой салып, мамандық иелеріне деген құрметті арттыра түсті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары