Заң талаптарын сақтау мен адалдық қағидатын ұстану тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, қоғамның әр мүшесіне ортақ міндет. Осы ұстанымның мәні мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары Өскемендегі Шығыс Қазақстан өнер музейінде өткен танымдық дәрісте сөз болды.
Өнер музейі көрсеткен ақпаратқа сай, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған «Адалдық – еркін елдің кемел келешегі» тақырыбындағы кездесуге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің химия кафедрасында білім алатын 4-курс студенттері және Өскемен көпсалалы технология колледжінің 1–2 курс студенттері қатысты. Колледж жастары аспаз және электрик мамандықтары бойынша білім алып жүр.
Дәрісте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының мамандары Жігер Сәрсенбаев пен Данил Гончар сөз сөйледі. Олар жастарға адалдық, парасаттылық және заңдылық қағидаттарының мәнін түсіндіріп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жолдарына тоқталды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – азаматтық жауапкершілік. Қоғамда заңға құрмет пен адалдық құндылықтарын орнықтыруда әр адамның ұстанымы маңызды. Сондықтан мұндай түсіндіру жұмыстары жастардың құқықтық сауатын арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
Дәріске қатысқан студенттер үшін музей экспозицияларымен танысу да ұйымдастырылды. Кездесу соңында олар Шығыс Қазақстан өнер музейінің залдарын аралап, ондағы өнер туындыларына шолу жасады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









