Кітап оқу мәдениеті мен мемлекеттік тіл: ШҚО-да Президент Жолдауының рухани бағыттары талқыланды

    1 / 5

    Өскеменде «Жолдау және қоғам: ортақ мақсат, ортақ жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттерді өңірде жүзеге асыру, әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру, құрылыс саласын дамыту және кітап оқитын ұлт қалыптастыру мәселелері сөз болды.

    А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында өткен қоғамдық талқылауға облыс әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев, қоғам қайраткері, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы ШҚО филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, «Әділет» партиясы облыстық филиалының басшысы Жанат Мекеева, білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылығы, мәдениет саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

    Жиында Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық міндеттерді өңірлік деңгейде іске асыру жолдары талқыланды. Әсіресе, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканың нақты секторын дамыту және қоғамның рухани әлеуетін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

    Облыс әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының алдағы кезеңіне арналған маңызды стратегиялық бағдар екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауқымды жаңғыру үдерісі ең алдымен азаматтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы керек.

    – Мемлекет басшысы алдымызға нақты міндеттер қойды. Халықтың сапалы әлеуметтік инфрақұрылымға қол жеткізуі – өмір сүру деңгейін арттырудың басты шарттарының бірі. Сондықтан қабылданатын әрбір шешімнің негізінде адам мүддесі тұруы қажет. Медициналық ұйымдар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мектептер сапалы білім беруге тиіс. Жас мамандар лайықты жұмыс табуға, ал кәсіпкерлер негізсіз кедергілерсіз өз ісін дамытуға мүмкіндік алуы керек, – деді Айдар Садырбаев.

    Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары экономиканың нақты секторын, соның ішінде құрылыс саласын дамытудың маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте «Халықтық құрылыс» бастамасының қоғамдық маңызын атап өтіп, оның өңір тұрғындары, соның ішінде аға буын өкілдері тарапынан қолдау тауып отырғанын айтты.

    Талқылауда қоғамның рухани дамуы мен кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері де кеңінен қозғалды. Қатысушылардың пікірінше, оқырмандық мәдениетті дамыту үшін әдебиетке қызығушылықты оятумен қатар, тұрғындардың кітапқа қолжетімділігін арттырып, кітапхана желісін жаңғырту және жастар арасында тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру қажет.

    А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Назымгүл Тлеубекова «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Оның айтуынша, кітапхана жастар мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, «Кітап оқитын ұлт» идеясын насихаттауға, оқырмандық мәдениетті дамытуға және ұлттық рухани мұраны дәріптеуге бағытталған іс-шаралар өткізіп келеді.

    Сонымен қатар, өңірдегі кітапхана желісін одан әрі дамыту мәселесі көтерілді. Талқылау барысында Шығыс Қазақстанда жаңа кітапхана ашу қажеттігі туралы ұсыныс айтылды.

    Қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков мемлекетшіл сананы қалыптастырудың, қоғамдық құндылықтарды нығайтудың және елдік мүдде төңірегінде бірлікті сақтаудың маңызына тоқталды.

    Жиынға қатысушылар Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Әлеуметтік жағдайды жақсарту, экономикалық әлеуетті арттыру және рухани құндылықтарды сақтау бағытындағы нәтижелі жұмыс мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық институттар мен азаматтардың өзара іс-қимылына байланысты екені айтылды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары