Өскеменде «Кітап оқитын ұлт» марафонының үш қатысушысы кітап оқуға қызығушылықтары қалай қалыптасқанын және марафонның күнделікті өмірлеріне қандай өзгеріс әкелгенін әңгімеледі. Әдеби кездесуде «Самға» жастар театрының актерлері Абайдың «Болыс болдым, мінеки» өлеңін сахналады.
Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының мәліметінше, «Оқитын ұлт – кітап оқудың жаңа дәуірі» атты әдеби талқылау оқырманның кітапқа қызығушылығын арттыруға, кітаптың танымдық және рухани маңызы туралы пікір алмасуға арналды. Бағдарлама барысында қазақ және әлем әдебиеті өкілдерінің кітап туралы қанатты сөздері айтылып, оқырмандармен ашық әңгіме өрбіді.
Кештің бір бөлігі кітап оқу марафонына арналды. Марафонға қатысқан Сәуле Манарбекқызы, Әсем Аманбекқызы және Томирис Ермекқызы өздерінің оқырмандық тәжірибесімен бөлісті. Олар кітап оқуға алғаш қалай қызыққанын және марафонға қатысу өмірлеріне қалай әсер еткенін баяндады. Осы әңгімеден кейін талқылау оқырманға таныс күнделікті сұрақтарға ұласты. Кітапты қалай таңдау керек, оқуға уақытты қайдан табуға болады, жастарды әдебиетке қалай қызықтырамыз деген мәселелер қозғалды.
Кездесудің әдеби бөлігін «Самға» жастар театрының актерлері толықтырды. Олар Абай Құнанбайұлының «Болыс болдым, мінеки» өлеңін сахналық көрініс түрінде ұсынды. Қойылым көрерменге ақынның сатирасын актерлердің орындауы арқылы қабылдауға мүмкіндік берді. Өлеңдегі болыстың мінезі мен мансапқа ұмтылған адамның әрекеті сахна тілінде көрсетілді.
Жиын соңында «Кітап оқуға неге уақыт таппаймыз?» тақырыбында шағын дәріс өтті. Онда күн тәртібінен кітапқа уақыт бөлудің жолдары айтылды. Дәрісте көтерілген мәселе марафонға қатысушылардың әңгімесімен үндесті. Олар кітап оқуға қызығудың қалай басталғанын өз тәжірибелері арқылы жеткізсе, қорытынды бөлімде осы қызығушылықты күнделікті дағдыға айналдыру жайы талқыланды.
Естеріңізге сала кетсек, «Кітап оқитын ұлт» марафоны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, оның 2026 жылғы 16 мамырдағы кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру туралы Жарлығы аясында қолға алынды. Еліміздің барлық өңірін қамтитын марафонды «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры ұйымдастырады. Қатысушыларды тіркеу 1 қыркүйекте басталып, марафонға 15 қыркүйекте ресми түрде бастау берілді. Қатысушылар 2027 жылғы наурызға дейін 15 кітап оқуға тиіс. Наурыз бен сәуірде қорытынды тестілеу мен зияткерлік сайыстар өтеді, жеңімпаздарды марапаттау сәуірге жоспарланған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









