Бүгін Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасында «Кітап оқитын ұлт – рухани жаңғырудың тірегі» атты облыстық кездесу өтті. Іс-шара жасанды интеллекттің даму жағдайында кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін насихаттаудың 2027-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасын түсіндіру аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейтова, мәдениет және ішкі саясат салаларының өкілдері, кітапхана мамандары, жастар ұйымдарының жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында кітап оқитын ұлтты қалыптастырудың басым бағыттары, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуындағы кітаптың рөлі, жастардың кітап оқу мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өңірлік кітапханалардың тәжірибесі мен кітап оқуды насихаттауға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Кездесу барысында облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Бір өлке – бір кітап», «Оқитын өлке», «Оқырман ұрпақ», «Оқитын ұлт – ойлы ұрпақ» жобалары мен «Шырақ» оқырман клубының жұмысы таныстырылды.
Іс-шара ашық микрофон форматында жалғасып, қатысушылар кітап оқу мәдениетін дамыту жөнінде пікір алмасты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









